ШҚО-да полиция қызметкерін соққыға жыққандар аз емес

342
көрілім

Ащы суға сылқия тойып алып үй ішінде байбалам салған Риддер қаласының тұрғынын полиция қызметкерлері көлікке отырғызып бөлімшеге жеткізбек болған. Десе де сабасына сыймаған еркек қалтасынан пышақ алып шығып рөлде отырған тәртіп сақшысының мойнына бағыттайды. Абырой бойғанда, полицейді өлтірмек болған дойырдың әрекеті аяғына дейін жетпей қалған. Оқиғаның бүге-шүгесі ШҚО қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотының іс-материалдарынан белгілі болды. Осы ретте, айта кету керек өңірімізде құқық қорғау органының қызметкеріне шабуыл жасау фактілері аз тіркеліп жатқан жоқ. Облыстық ІІД баспасөз қызметінің мәліметіне сүйенсек, 2018 жылдың 7 айында аймақ бойынша билік өкіліне бағынбаған сотқарлар 16 тәртіп сақшысына дене жарақатын келтірген.

Қорғанып үлгерді

28 жастағы Николай Быстров (аты-жөндері толықтай өзгертілген) бұрын төбелескені үшін сотты болған. Құрбысының үйіне қонаққа кеткен азаматтық некедегі әйелі Света біраз кешіккенде сабыр суы сарқылған ол сол жерге барады. Есік ашыла сала ашуға булыққан Николай буырқанып жанжал шығарған. Оның сөзіне көнбеген екі әйел де үнсіз қалған жоқ. Сол кезде әбден зығырданы қайнаған риддерлік Света мен Людмиланы скотчпен байлап-матап тастаған. Арада жарты сағат өткенде «бізді босатшы» жеп жалбарынған әйелдер масайқыңқыраған Николайды зорға дегенде көндіріп алады. Сөйтіп, ерлі зайыптылар өз үйлеріне қарай кетеді. Алайда даудың нүктесін қоймаған ер адам үйде қайтадан айқайға көшкен. Светаға пышақ кезеп қорқытқан ол әйелді байлап тастап, өзі ұйықтап қалады.

Арада біраз уақыт өткенде, үйге әйел адамның анасы келген. Егде жастағы азаматша қызын босатып, екеуі далаға қашып шығады да полиция қызметкерлеріне хабар береді. Оқиға орнына келіп жеткен тәртіп сақшылары Асқар мен Берік Николайды көліктің артқы жағына отырғызған. Ер адам қарсылық көрсетпеген соң полицейлер оның қалтасына тінту жүргізбейді.

Көлікте отырғанда полиция қызметкерлеріне деген жеккөрушілік сезімі оянған Николай Быстров қалтасындағы пышақты қолына алған. Рөлде отырған Асқарды қылқындыра жөнелген риддерлік оның кеңірдегіне қаруын бағыттай бергенде Берік «пышақ!» деп айқайлап жібереді. Қолымен қорғанып қалған Асқар әріптесінің көмегімен дойырды тоқтатып, пышақты тартып алған. Сөйтіп, Николайдың зұлым ойы іске аспай қалады. Артынан анықталғандай, полиция қызметкерінің беті тілініп, оң жақ қолы жараланыпты.

Осыған байланысты сот ісі Шығыс Қазақстан облыстық қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотында қаралды. Сот барысында айыпталушы өз кінәсін мойындаудан бас тартты. Сот үкімі бойынша Николай Быстров ҚР ҚК-нің 380-бабы, 1-бөлігімен кінәлі деп танылып, 10 жыл мерзімге бас бостандығынан айырылды. Сотталушы өз жазасын қауіпсіздігі барынша жоғары түзеу мекемесінде өтейтін болады.

22 қылмыстық іс қозғалған

Шығыс Қазақстан облыстық Ішкі істер департаменті баспасөз қызметінің хабарлауынша, 2018 жылдың 7 айында өңірімізде тәртіп сақшыларының заңды міндеттерін орындауға кедергі келтіргендер аз кездеспеді.

– Полиция қызметкерлеріне бағынбай, қарсылық көрсету және оның денсаулығына зиян келтіру Қазақстан Республикасы Қылмыстық Кодексінің 378, 380, 380-1 баптары бойынша реттеледі, – дейді облыстық ІІД МТАБ басшысы міндетін атқарушы Әйгерім Нұрғазина, – Қаңтар-шілде айлары аралығында аймақ бойынша құқық қорғау органының қызметкерін қорлаған 40 адамға қатысты қылмыстық іс қозғалған. 2017 жылдың 12 айында дәл осындай 81 факті тіркелген болатын.

Оның айтуынша, биылғы жылдың 7 айында 22 адам полиция қызметкеріне қарсы күш қолданған. Өткен жылы бұл көрсеткіш 51-ге жеткен еді.

– Осы қылмыстық құқықбұзушылықтың нәтижесінде ішкі істер органының өкілдеріне 16 дене жарақатын келтірумен аяқталған оқиғалар да орын алды. Барлық фактілер бойынша қажетті сотқа дейінгі тергеп-тексеру амалдары басталған, – дейді Әйгерім Нұрғазина.

Сақшыны сабап сотталғандар

Осы ретте, сіздердің назарларыңызға полиция қызметкеріне бағынбай, оны ұрып-соққан бұзақылар жайлы бірнеше мысал келтіре кетуді жөн көріп отырмыз.

2017 жылы Өскеменде араққа масайған әйел полиция қызметкерінің арқасынан тістеп алған. Аға лейтенант Ерсанат Ерғалиев (аты-жөндері толықтай өзгертілген) 18.00-шамасында Бажов көшесіндегі көппәтерлі тұрғын үйде шыққан шуды басу үшін барады. Оқиға орнына табан тіреген полиция қызметкері масаң күйдегі 25 жастағы Викторияны сабырға шақырып, қоғамдық тәртіпті бұзбауды талап етеді. Алайда аузына ақ ит кіріп, көк ит шыққан әйел бұл сөзді тыңдаудан мүлде бас тартқан. Осыдан соң Ерсанат Ерғалиев жөнге келмеген азаматшаны полиция бөліміне алып кету үшін қосымша екі полицейді көмекке шақырады. Келіп жеткен тәртіп сақшылары Викторияға өздерінің қызметтік көліктеріне отыруды өтінген. Көлік ішінде әйел өзінің алдында отырған полиция қызметкерінің арқасынан тістеп алады. Осының салдарынан құқық қорғаушының арқасы қанап кеткен.

Сот барысында айыпталушы өз кінәсін толықтай мойындап, осындай жүгенсіз әрекетке қатты мас болғандықтан барғандығын айтып, бұл ісіне өкінетіндігін жеткізді. Сот үкімімен сотталушы ҚР ҚК-нің 378-бабы, 1-бөлігімен кінәлі деп танылып, 1 жылға бас бостандығынан шектелді. Сонымен қатар, айыпталушы 120 сағаттық қоғамдық жұмысқа тартылды.

2017 жылы Аягөз ауданында ішімдікке масайған азамат теміржол вокзалының күту залында полиция қызметкеріне бағынбай, төбелес шығарған.

Достарымен кездескен ер адам ащы суға біршама тойып алып, Ақтоғай станциясындағы теміржол вокзалына барады. Сол жерде ол ерсі кылық көрсетіп, қоғамдық тәртіпті бұзған. Онымен қоймай, бұзақылық әрекеттің алдын алу мақсатында келген ішкі істер бөлімшесінің кезекші инспекторларына бағынбай, қарсылық көрсетеді. Төбелесуге дейін барған ер адам полицейлердің погондарын жыртып, тәртіп сақшыларының біріне жеңіл дәрежедегі дене жарақатын келтірген.

Аягөз аудандық сотының шешімі бойынша сотталушы 2 жылға бас бостандығын шектеу жазасына кесілді. Үкім заңды күшіне енді.

2018 жылы Зайсан ауданында ер адам полиция қызметкерін соққыға жыққан.

Шілікті ауылында кешкі уақытта Зайсан АІІБ-нің жергілікті полиция қызметінің учаскелік полиция инспекторы «Volkswagen Passat» автокөлігімен келе жатқан Дамир Қозыбаевты (аты-жөні өзгертілген) тоқтатады. Сол кезде көліктен түскен ер адам алкогольді масаң күйде «Сен кімсің-ей! Мен келе жатқан көлікті неге тоқтатасың?! Бұл ауылдың үстінен мен қараймын» деп дөрекі сөйлеген. Онымен қоймай аузына ақ ит кіріп, көк ит шыққан Дамир басқа адамдардың көзінше полиция қызметкерін балағаттап, қорлаған. Тәртіп сақшысы мастық деңгейін анықтау үшін сараптамадан өткізу мақсатында ер адамды қызметтік көлікке отырғызады. Сөйтіп олар Тасбастау ауылына қарай тасжолмен келе жатқанда құқықбұзушы «сараптамадан өтпеймін, көліктен секіремін» деп, жүріп келе жатқан көліктің есігін ашқан. Полицей дереу тоқтап, екеуі сыртқа шығады. Тәртіп сақшысының «қайтадан көлікке отырыңыз» деген талабына құлақ аспаған еркек күтпеген жерден оны ұрып жібереді. Бұнымен қоймай, жұдырығымен талай соққы жасаған 38 жастағы ер адам полиция қызметкерінің киімін де жыртып тастайды. Сот-медициналық сараптама қорытындысына сәйкес, сол жақ көз маңайы көгеріп, екі жақ жауырыны қанталаған жәбірленушіге жеңіл дәрежедегі дене жарақаттары келтіріліпті.

Осыған байланысты сот ісі Зайсан аудандық сотында қаралды. Сот барысында айыпталушы өз кінәсін толықтай мойындап, полицейден кешірім сұрады. Алайда жәбірленуші оның кешірімін қабыл алмай, соттан оны заңға сай жазалауды талап етті.

Сот үкімі бойынша ҚР ҚК-нің 380-бабы, 2-бөлігімен кінәлі деп танылған Дамир Қозыбаев 2 жыл мерзімге бас бостандығынан шектелді. Сонымен қатар ол 100 сағаттық мәжбүрлі қоғамдық жұмысқа тартылды.

2018 жылы Аягөз ауданы, Тарлаулы ауылындағы дәмханалардың біріне келген ер адам ащы судан ішіп демалып отырады. Арада біршама уақыт өткенде ішімдіктің буына масайған 43 жастағы еркек шу шығарып, дәмханаға келушілердің мазасын алған. Бұнымен қоймай, ашуға булыққан аягөздік өзін сабырға шақырмақ болған тәртіп сақшысын балағаттап, жұдырығын ала жүгіреді.

Аягөз аудандық сотында айыпталушы өз кінәсін толықтай мойындап, жәбірленушіден кешірім сұрады. Алайда аға лейтенант Айдос Құматаев полиция қызметкерінің абыройына нұқсан келтіргені үшін оған кешірім бермейтіндігін кесіп айтты. Сот үкімі бойынша Ескендір Өмірзақов 2 жыл мерзімге бас бостандығынан шектелді. Соған қоса, сотталушы 200 сағаттық мәжбүрлі еңбекке тартылды.

Талғатжан МҰХАМАДИЕВ