ШҚО-да «QAISAR» әскери-патриоттық ойыны өткізілді

239
көрілім

«AMANAT» партиясы жанындағы Жастар қанатының Шығыс Қазақстан облыстық филиалының ұйымдастыруымен 10-11 сынып оқушылары арасында «QAISAR» әскери-патриоттық ойыны ұйымдастырылды.

Шараның мақсаты - оқушылар арасында әскери-патриоттық сезімді қалыптастыра отырып, ұлттық рухты жігерлендіру және жастарды қайсарлылық пен жігерлікке баулу. Ойын ережесіне сәйкес ұлдар 3000 метр және қыздар 1000 метрге жүгіріп, 50 метрлік қашықтыққа жүзді.

Жастар қанатының төрағасы әскери-патриоттық ойын туралы «QAISAR жобасы ең алдымен, жас ұрпақты әскери қызметші мамандығымен және әскери қызметтің қыр-сырымен таныстыра отырып, физикалық және рухани принциптерді, стандартты емес жағдайларда жылдам әрекет ету дағдыларын жетілдіруге ұмтылысты қалыптастыруға бағытталған. Сондай-ақ, жастарды біріктіру, жас ұрпақты патриотизм рухына тәрбиелеу, салауатты өмір салтын насихаттау жарыстың басты міндеттері», - деді.

Жобаға қатысушы Бекайдар Жалғас: «10-11 сынып оқушылары арасында «Qaisar» әскери-патриоттық спартакиадасы оқушылардың жан-жақты дамуын жетілдіру, олардың дене даярлығын және әскери қызметке дайындық үшін моральдық-психологиялық қасиеттерін арттыру мақсатында өткізілді. Жүгіру мен жүзуден өзіміздің бағымызды сынай келе, республикалық кезеңге 5 бала жолдама алдық. Салауатты өмір салтын ұстану, дені сау жас ұрпақты қалыптастыру мақсатында өткізілген шара үшін AMANAT партиясының Жастар қанатына алғысымды білдіремін», - деп атап өтті.

2 күннің қорытынды есебі бойынша қатысушылар арнайы І, ІІ және ІІІ дәрежелі дипломдармен, жетекшілері алғыс хаттармен марапатталды.

Жарыс нәтижесінде Шығыс Қазақстан облысының 5 оқушыдан тұратын командасы жобаның республикалық кезеңіне жасақталды.