ШҚО-да Семейдегі жылумен қамтудағы мәселелерді шешу үшін бірқатар шара атқарылған

2251
көрілім

Семей қаласында жылумен қамтудағы қордаланған мәселелерді шешу үшін бірқатар шаралар қолға алынған, деп хабарлайды Buqara.kz тілшісі.

Бұл жайлы Ақпарат орталығында өткен баспасөз мәслихаты барысында шаһар әкімі Бақытжан Байахметов айтып берді.

«Жылумен қамтамасыз етудегі мәселелерді шешу үшін биыл 1,4 млрд теңге бөлінген. Оның ішінде жылумен қамтамасыз ету нысандарына ағымдағы жөндеу жүргізуге – 1,2 млрд теңге, қазандықтарды және жылу жүйесін реконструкциялаудың жобалық-сметалық құжаттамасын әзірлеуге – 247,8 млн теңге жұмылдырылған. Атап айтқанда, олар – Орталық, Ғаббасов, 103, 103А, 35-квартал, Мал-дәрігерлік институты қазандықтары, Физкультурная, Би Боранбай көшелеріндегі жылу жүйелері», - деді ол.

 

Осы жобалардың жүзеге асырылуы жылумен қамтудағы қиындықтарды шешуге мүмкіндік береді. Қазандықтың тиімділігі 3%-ға көтеріліп, қуаттылығы сағатына 140 Гкалл-ға артады. Сондай-ақ Қарағайлы ықшам ауданын жылумен қамтамасыз ету үшін РК-3 қазандығы құрылысының екінші кезеңі аяқталған. Осылайша, қуаттылық сағатына 41,95-тен 70 Гкалл-ға өседі.