ШҚО-да шенділер арасында әкімшілік құқықбұзушылық жасайтындар аз емес

431
көрілім

Шығыс өңірлік қолбасшылығының ұйымдастыруымен Ахмер әскери гарнизонында Өскемен қалалық Полиция басқармасы, Әскери полиция бөлімінің патрульдік қызметі және Әскери автомобильдік полиция бөлімінің қатысуымен жиналыс өтіп жол ережесін сақтау, жеке қауіпсіздік және әкімшілік құқықбұзушылықтағы нөлдік төзімділік тақырыптарында әскерилер мен журналистерге арнайы шара өтті, деп хабарлайды Бұқара.кз сайтының тілшісі.


Шілденің 8-17 күндері аралығында ҚР Қарулы Күштерінде жол-көлік оқиғаларының алдын алу шаралары мен үгіт-насихат жұмыстары жүргізілуде. Бүгінгі таңда жол-көлік оқиғалары маңызды мәселенің бірі. Жұмыс уақытынан бөлек, күнделікті өмірде әскерилер жол апатына түсіп жатады. Осы орайда аса сақтық пен қорғану қажет. Бұдан бөлек, әскери қызметкерлердің суға кету фактілері тіркелген.
Осы мақсатта әскери гарнизондар мен бөлімдерде арнайы кездесулер ұйымдастырылуда.


– Шенділер арасындағы түрлі әкімшілік құқықбұзушылықтар мен басқа да жағымсыз жайттар жоқ емес. Қызмет бабында және қоғамдық орындарда алкогольдік ішімдіктерді ішу, суға түсудегі қауіпсіздік шараларын сақтамау оқиғалары мысалдарын келтіруге болады. Бұл өз кезегінде әлі де алдын алу шаралары мен үгіт-насихат жұмыстарын тоқтпау керектігін білдіреді, – дейді Өскемен гарнизоны Әскери полиция бөлімінің патрульдік қызметінің бастығы капитан Айдын Қошқаров.
Әскери автомобильдік полиция бөлімшесінің бастығы капитан Талғат Замзиннің айтуынша, ағымдағы жылдың алты айы ішінде Өскемен гарнизонынды екі жол-көлік оқиғасы тіркелді. Екеуі де жаз айларында демалыс күндері болған. Сондықтан қызмет бабынан бөлек, тұрмыстық өмірде де аса сақтық қажет.


Қазіргі уақытта республикадан бөлек, Өскемен қаласының өзінде жол қауіпсіздігіне Полиция басқармасы мен Әскери гарнизон қызметкерлері жіті назар бөлуде. Бейнебақылау мен бейнетіркеу камералары көлік жүргізуде ұялы телефонды пайдаланғаны үшін – 2737, жылдамдықты асыру бойынша – 741, қауіпсіздік белдігін тақпаған 3092 және қарсы жолаққа шығып кету бойынша 1306 факті анықталған.
Жол апаттарының көбі көліктердің жаяу жүргіншілерді басып кетуі мен автомобильдердің жанай соқтығысуы, бірдей бағытта жүріп келе жатып қақтығысу салдарынан орын алуда.
Әсіресе, мұндай оқиғалар таңертеңгі сағат алты мен кешкі сағат он аралығында жиі ұшырайды. Яғни көпшілігі күндізгі уақытта.
Осыған байланысты мамандардың айтуынша, әскерилермен қатар қарапайым тұрғындар да сақтық жайлы ұмытпауы тиіс.

Данияр ЗАЙНЕЛОВ