ШҚО-да соғыс ардагерлеріне 600 мың теңгеден берілді

344
көрілім
Шартты фотосурет

Өңірде Жеңіс күні қарсаңында соғыс ардагерлеріне материалдық көмек көрсетілді, деп хабарлайды Buqara.kz сайтының тілшісі.

Бүгінгі таңда өңірде 124 соғыс ардагері, 15 мыңнан астам тыл еңбеккері бар. Жыл сайын Жеңіс күнінде оларға материалдық көмек көрсетіліп келеді. Алайда биыл коронавирус инфекциясының таралуына байланысты бұл қаражат ертерек берілген. Облыстық Ардагерлер кеңесінің төрағасы Айтқазы Шерубаевтың айтуынша, осы жылы соғыс ардагерлеріне - 600 мың теңгеден, ал тыл еңбеккерлеріне - 100 мың теңгеден табыс етілді.

– 7-9 мамыр аралығында аймақ бойынша Жеңістің 75 жылдығына орай 340-тан астам шара өткізу жоспарланған болатын. Өкінішке қарай, елімізде Төтенше жағдай жарияланғандықтан кейбір шаралар кейінге шегеріліп, біразы өткізілмейтін болды. Бірақ бұл ардагерлеріміз еш назарсыз, қолдаусыз қалады деген сөз емес. Күн сайын еріктілер, белсенділер, үкіметтік емес ұйымдар бізге хабарласып ардагерлер мен жалғызбасты зейнеткерлерге көмек көрсеткісі келетінін айтуда. Өңірдің барлық қалалары мен аудандарындағы жаны жайсаң жандар бірігіп, қазыналы қарттарды қамқорлыққа алып жатыр, - дейді Айтқазы Шерубаев.