ШҚО-да соңғы уақытта суицидке барған жасөспірімдер саны өскен

452
көрілім

Жасөспірімдер арасындағы суицид – қазіргі қоғамда аса актуальді саналатын мәселелердің бірі. Осыған байланысты статистикалық көрсеткіштерге көз жүгіртсек, көңіліміз күпті болып, ойымыз сан-саққа жүгіреді. Айталық, республикамыздағы 2019 жылдың 6 айлық көрсеткішіне мән берсек, жасөспірімдер арасында суицидке барғандар саны – 91, өзіне-өзі қол жұмсау бойынша 80 оқиға тіркелген. Қуаныштысы сол, жағымсыз жайттың барлығында да жасөспірімдер мен балаларды ажалдан арашалап қалудың сәті түсті. Сонда кәмелеттік жасқа толмай жатып олардың өмірден баз кешулеріне не себеп? Бұл ретте Бұқара.кз сайтының тілшісі өңірде болған қайғылы жайттарды мысалға ала отырып, мәселенің анық-қанығына көз жеткізіп көрді.

Әжесінің әсіре тәрбиесі ме?

Әсел (аты өзгертілген) қолын бинтпен орап алған болатын. Сынып жетекшісі мұны оқушысы сабаққа кезекті рет кешігіп келгенде байқаған. Мұғалім: «Не себепті қолын орап алған?» деген оймен жүріп, мәселенің мән-жайына назар аударуға тырысты. Әлгі бинтті шешіп көрген оқытушы қорқыныштан абдырап қалды. Сөйтсе, оқушысының білегі бірнеше жерден аяусыз кесілген екен. Сынып жетекшісіне ішіндегісін ақтарып айта бастаған Әселдің түпкі ойында тамырын кесу болған. «Не үшін ондай қадамға бардың?» деген сауалға тоғызыншы сынып оқитын қыз «Осыған дейін олардың маған жасаған жамандықтары үшін жаназамда өкінсін деген оймен істедім» деп жауап қатады. «Олар» деген сөзіне мән берсек, әке-шешесі мен әжесін, сыныптастарын және география пәнінің ұстазын меңзепті.

– Бұл бір үрейлі әрі аяқасты айтылған сөздер еді, – деп Әселдің сынып жетекшісі еске алды. – Қыздың анасы – ЖОО-нда оқытушы қызметінде. Әсел балабақшаға барып, кейін мектеп қабырғасында оқып жүргенінде анасы бала тәрбиесімен жөндеп айналыса алмағаны рас. Себебі бұл кезде анасы магистратурада оқып, диссертациясын қорғап, абыр-сабыр болып жүрген. Әкесінің отбасынан іргесін аулақ салғанына талай уақыт болыпты. Бұл аралықта бала тәрбиесін әжесі қолына алып Әселді мектепке апарып, әкеліп жүрген, тәрбиесіне де баса мән берген. Дегенмен әжесі немересіне кейде тым қиын меже қоятындай еді. Яғни немересі көштен қалмай, өзгелер сияқты жоғары білімге ие болуы тиіс-тін. Бір жағынан отбасы мүшелері осыған дейін беделді білім ордаларында көкжиектерін кеңейтіп үлгерген көкірегі ашық, көзі ояу жандар. Өз кезегінде Әсел де сол талапты орындап, сәтті мәнсап қалыптастыра білуі шарт. Сондықтан әжесінің берген тәрбиесі немересіне жақсы әсер ету емес, керісінше, міндеттеп, бұйыра сөйлеу болып көрінсе керек.

Шыдамының шегі жетті

Сынып жетекшісінің айтуынша, мектептегі іс-шараларға, би кешіне ұдайы қолынан жетелеп әкеліп, құрбылары ойнап-күліп жүргенде Әселді тым ерте уақытта алып кетіп жүрген. Қатал әжесі немересіне боянуға, юбка киюіне де ешқашан рұқсат бермепті. Соның салдарынан Әсел құрбыларының арасында өзін біршама ыңғайсыз сезініп, өз қалауынша бояна алмағанына қатты қапалы жүретін. Бір күні әжесі немересін мектепке апарып, кері қайтқанда Әсел байқатпай опа-далаптарын, юбкасын әжетханаға барып киіп алады. Алайда шара кезінде кезекшілікте жүрген ата-аналардың біреуі дереу хабарлап, әжесі рұқсатсыз жасалған қадамды біліп қояды да Әселді жазаға тартты. Қандай жаза? Сол күні бақылауда жүрген немересі сүйікті телехикаясын тамашалаудан және әлеуметтік желілерге кіруден қағылды. Арада аз-кем уақыт өткеннен кейін Әселдің анасы ғылыми атаққа қол жеткізіп, қызына көңіл аударып, қолы босай бастады. Десе де жұмысбастылық ананың баласына қажетті мөлшерде уақыт бөлуін тежеп, екеуара шүйіркелесіп, сыр шертісулеріне едәуір кедергісін келтірді. Ол ол ма, әжесінің тәрбиесінен босап, анасымен сирек көрісетін қыздың соңғы уақыттары тәртібі күрт өзгере бастады. Алдымен мектепке шашын жинамай, бетіне опа-далапты қабаттап жағып келетінді шығарды. Одан кейін пирсингке көшіп, сосын тіптен сабаққа күн аралатып баруды шығарды. Ең қиыны, Әсел өтпелі кезең жасына жеткенде денесі толысып, түр-тұлғасы келіскен құрбылары оны келеке ете бастайды. Сенесіздер ме, Әселге айтылған әрбір жағымсыз лебіз, сол айтқан адамға тосынсый болып жетуші еді. Яғни біреуінің дәптері шимайланады, біреуінің партасына балағат сөздер жазылады, тіпті киім ауыстыратын бөлмеде сырт киімдерге дейін былғанып, қажет болса кей тұстары жыртылып жататын. Күндердің күнінде география пәнінің мұғалімі толық әйелдерді әдеміліктің үлгісі ретінде санайтын суретші Рубенсті мысалға келтіргенде Әселдің шыдамының шегі жетті. Осылайша, айналасындағылардан түрлі келеке естіп жүрген қыз үшін адамды кемсітіп, жанына жара салатындардың кесірінен өмірдің қызығы кеткен. Ал мұндай қорлықтан құтылудың жалғыз жолы бар, ол – келместің кемесіне мініп, ана өмірге аттану. Осындай ой түйген оқушының әу баста күретамырын орып жіберуге жасаған қадамы сәтсіз шықты. Абырой болғанда, қамшының сабындай қысқа өмірде мерзімінен бұрын жарық дүниемен қош айтысу мүмкін болмады. Қорыта айтсақ, Әселдің өміріне қатысты оқиға, Аягөздегі жасөспірімнің өзіне-өзі қол жұмсауы, Өскемендегі тұрғын үйдің жетінші қабатынан секіріп, мерт болған қыздың өлімі – соңғы уақытта қоғамның бір айықпас дертке шалдыға бастағанын аңғартатындай.

Біздің анықтама

Суицид деп – адамның қиындық торынан шығудың басқа жолын таппаған кездегі жалғыздықтың шырқау шегін айтады. Жанға бататын жайт, дәл осы жолды көбінде өмірі әлі басталып та үлгермеген өрімдей жастар таңдауда. Қиындық қылын басқан жеткіншекте болмаса жасөспірімде қашан да таңдау бар, алайда қараңғылықтың төрінен өрмелеп шығып Күн болатын жандардың шықпай жататындығы әлі де болса осындай қайғылы жайттардың орын алуын жиілете түсетіндей.

Нұрбек АСҚАРОВ