ШҚО-да сүт өнімдерін өндіруді дамыту үшін қандай шаралар қолға алынуда?

632
көрілім
Шартты фотосурет

Мал шаруашылығы Шығыс топырағында да сөзсіз, жетекші рөлге ие. Жекелей өңірлердің жер жағдайларын алып қарасақ сиыр сүтінің дәмі мен құрамында өзгешіліктер болуы бек мүмкін. Күздің бел ортасында аудан әкімдері есеп беру жиынын өткізіп, осы мәселені жиі көтеріп жатады. Сүт қабылдау пункттерінде жиналатын сүт көлемін бәленбай тоннаға жеткізу мақсат етілгендіктерін жарыса жариялап жатады. Әйтсе де күні бүгінге дейін аудандарда қарқын алып, ісін бір бағытқа қойған фермалар жайлы сирек айтылады. ШҚО Ауылшаруашылық басқармасының басшысы Владимир Гайламазян қолға алынып жатқан нақты жұмыстарға тоқталған еді, деп хабарлайды Buqara.kz сайтының тілшісі.

Қос ауданда қолға алынуда

Қазіргі айтулы жобалардың бірі — Шемонаиха ауданы Рулиха ауылында салынып жатқан сүт фермасы. Тиісті құрылыс жұмыстары жүргізіліп, сиырқора салынып біткен. Шамамен бір ай бұрын Нидерланды елінен ала сиырлардың алғашқы легі жеткізіліпті. Шаруалар жылына 12 мың литр сүт береді деп осы тұқымды құп көрген екен.

– Мамандар өңірдің климаттық, географиялық жағдайын ескере келе жылына бір сиырдан 10 мың литрге дейін сүт сауылады дейді. Әрине, бұлай болғанның өзінде облыс үшін тамаша көрсеткіш болар еді, – деген Владимир Хачехпарович осындай шара Бесқарағай ауданында да қолға алынып жатқандығын мәлімдеді.

Владимир Гайламазян

«Басқарағай-Агро» ЖШС басшылығы аграрлық-несиелеу корпорациясымен тізе қосып жұмыстарын біржақты етуде. Аталған корпорация өткен жылдың соңында тиісті құжаттарды қабылдап, қазір соны талдап-талқылау үстінде. Олар рұқсатын беріп, ақпан айының соңында тиісті қаржы бөлінсе жыл соңына таман сүтті сиырлардың алғашқы бөлігі әкелінуі бек мүмкін. Мамандар Рулиха ауылындағы шаруашылықты дөңгелетіп әкетсе көктем туа сүт сатылымға шығады деп күтуде.

Аймақтағы алпауыттар

Ал Бесқарағай ауданында осындай жайт сәтін салса келер жылдың көктемінде қайталанып, фермерлер жұмысының нәтижесі байқала бастайды деген сенім мол. Мұндайда туындайтын заңды сауалдардың бірі: «Сонша тонна сүтті қайда өткізеді?».

– Бұл жағынан қиындық туындамауы тиіс. Жаратқанға тәубә, осы уақытқа дейін аймақ көлемінде сүт қабылдау қарқыны кенжелеген емес. Тіпті арта түсті деуге болады. Шығыс Қазақстан – республика көлемінде сүтті қайта өңдеп, өндіруден көш басында келеді. Облыста сүт өңдейтін екі алпауыт мекеме бар: «Шығыс-сүт» және «Эмиль» ЖШС. Олар күніне 100 тоннадан астам сүт өңдейді. Бұған қоса, күніне 20-25 тонна сүт өңдейтін алты-жеті ұсақ мекеме бар. Ауыл шаруашылық тауарларын өткізу нарығына бұлар сүбелі үлес қосып келеді, – деді басқарма басшысы.

Мал азығының маңызы

Бұл жерде бар мәселе сүттің барынша сапалы болуына байланысты. Владимир Хачехпарович осы тақылеттес мәселелердің де жиі болып жататындығын жасырмады. Сүт-тауарлы фермалар жеке сектордан сүт жинау кезінде сапаның талапқа сай келмейтіндігін анықтайды. Сапа неге нашар? Жауапты тұлғаның сөзінше, сүт сапасына әр шаруагердің дайындаған мал азығы да өзіндік әсерін тигізеді. Бірі – картоп, бірі – нан қосып, рационын өзгертіп, осы сүт араласатын болса онда тез ашып кететін сыңайлы. Сондықтан құрамы бөлек сүтті барынша жеке сақтаған жөн.

– Малды күтіп-бағу, жемшөбін дұрыс беру маңызды жұмыстардың бірі. Ал сүт-тауарлы фермасында сиырлардың азығы біркелкі, сүт құрамында айырмашылық жоқ және олардың күтімдері мен тұқымдары да бірдей. Қазір нарығымызға Ресей, Беларусь елдерінен сүт өнімдері әкелінуде. Осындай бәсекелестерге төтеп бере алмасақ, нарықтан айырылуымыз ғажап емес. Сол себепті арзан, сапасыз сүттен гөрі қымбатырақ әрі сапасы жоғарысын алуымыз қажет, – деді Владимир Гайламазян.

Әділхан ЕСІМХАНОВ