ШҚО-да тағы бір ГЭС салу жоспарлануда

261
көрілім

Алтай ауданында жаңа гидроэлектростанция пайда болуы мүмкін, деп хабарлайды Бұқара.кз сайтының тілшісі.

Аудан әкімінің орынбасары Сергей Охременко өткен жылғы әлеуметтік-экономикалық даму қорытындылары және келешектегі міндеттері туралы айтып берді. Шенеунік соңғы жылдары гидроэнергетика саласы маңызды рөл атқаратынын атап өтті.
- 2021 жылы қуаты 24,9 МВт Тұрғысын ГЭС пайдалануға берілді, - деп еске салды әкімнің орынбасары. - Қазіргі уақытта осы өңірде екінші шағын ГЭС салу бойынша жобалау жұмыстары жүргізілуде.

Сергей Владимировичтің айтуынша, жаңа ГЭС-ті Кутиха ауылының маңында салу жоспарланып отыр. Ол Тұрғысұнға қарағанда екі есе (47 МВт) қуатты болады.

- Бұл біз үшін де, бүкіл Қазақстанның гидроэнергетикасы үшін де өте маңызды. Өйткені бұл ең алдымен жасыл технологиялар мен жаңартылатын энергия көздері, - деп атап өтті әкім орынбасары.

Ірі нысан құрылысының арқасында қосымша жұмыс орындары құрылмақ.

Мөлдір ЖАРЫЛҒАПОВА