ШҚО-да тағы бір қойылым көрермен назарына ұсынылмақ

1043
көрілім

Бұл жолы өнер десе ішкен асын жерге қоятын тұрғындар Өскемендегі облыстық Жастар театры актерінің психологиялық монопьесасын тамашалайды, деп хабарлайды Buqara.kz сайтының тілшісі.

Бүгін аталмыш қойылымның тұсаукесер алдындағы соңғы дайындығы пысықталды. Театр сыншылары қатысып, спектальдың астарына үңілді. «Қуыршақ» атты философиялық монопьесасы – мистикалық жанрдағы туынды. Жастар театрының режиссеры Дарын Қалибекұлы айтқандай, басты рөлді сомдаушы – Өткір Нұрсейіт. Алматы қаласындағы Т.Жүргенов атындағы өнер академиясын тәмәмдап келген талантты актер.

– Негізінен қуыршақ театрының актері болса да, бүгінгі қойылымда өзін жаңа қырынан көрсетті. Бұл өнерпазға артылар сенім де жоғары. Дауыс бояуы әдемі, бойындағы дарыны да бір төбе. Бастысы, бүгін өзін ашып көрсете білді, – деді Жастар театрының режиссеры.

Қойылымның дайындығына бір жарым айдай уақыт кеткен. Негізгі астары шынайы болуға шақыру, күнәсі мен ізгі қасиеті аралас жанның ақтық арпалысы берілген. Көптеген кейіпкерлер қуыршақ бейнесінде беріліп, адамзат бойындағы жағымсыз қасиеттер жеткізіледі. Белгілі болғандай, бұл туынды қазақ театрлары ішінде тұңғыш рет қойылмақ. Соңғы әзірліктен кейін спектакль көркемдік кеңеске жіберілді. Театр сыншылары тарапынан кем-кетіктері талқыланғаннан кейін көрермен назарына жол тартпақ. Қойылымның тұсаукесері қарашаның 15-і күні сағат 18:30-да облыстық Драма театртында өтеді.

Әділхан ЕСІМХАНОВ