ШҚО-да тасжолдар жабылып, 71 адам жолда қалған

68
көрілім

25 қаңтар күні Аягөз-Алматы тасжолы жабылып, 71 жолаушы діттеген жеріне жете алмады, деп хабарлайды Buqara.kz тілшісі.

Өткен аптадағы ауа райы ШҚО тұрғындары мен қонақтарына күтпеген тосынсыйлар жасады. Ауа райының қолайсыздығынан көптеген жолаушылар діттеген жерлеріне жете алмады. 25 қаңтар күні сағат 20.30-да «Аягөз-Алматы» тасжолы жабылып, Семей - Мақаншы, Семей - Барлықарасан, Семей - Талдықорған бағыттарында жүретін автобустар Аягөзде тоқтауға мәжбүр болды.

Автобустарда барлығы 71 жолаушы болған. Олардың 8-і қонақүйге, үшеуі туыстарының үйіне, қалғандары Аягөз қаласындағы спорт мектебіне орналастырылды.

Қыс басталғалы бері Аягөз қаласында 70 автобус қозғалысты тоқтатуға мәжбүр болып, жолаушылар арнайы орындарға уақытша орналастырылған.

Естеріңізге сала кетейік, 17-18 қаңтар күндері Глубокое ауданындағы Березовка ауылында тасжолдың жабылуына байланысты 20 адам Березовка орта мектептеріндегі жылыту пункттеріне жеткізілді. Аудандағы барлық 28 мектепте жылыту пункттері құрылды. Осындай қиын жағдайда тап болмас үшін жолға шығар алдында төтенше жағдайлар қызметі жіберген ақпаратты қарап, жол жағдайын ескерген жөн.