ШҚО-да теологтар мен дінтанушылардың республикалық форумы өтуде

330
көрілім

Өскемен қаласында "Діни радикализмнен оңалтудың және қайта бейімдеудің теориялық және тәжірибелік аспектілері" тақырыбындағы теологтар мен дінтанушылардың республикалық форумы басталды. Жиынға ШҚО қала және аудан әкімдігі ішкі саясат бөлімінің дін істері бойынша мамандары, ШҚО Дін істері басқармасының қызметкерлері, инспектор теологтар мен психологтар қатысуда, деп хабарлайды Бұқара.кз сайтының тілшісі.

Бүгінгі таңда діни радикализм мен экстремизм бейбіт күннің тыныш ұйқысын бұзған бүлік шығарушылардың былығына айналды. Қоғамның берік қабырғасын қисайтуды көздейтін қаскөйлердің қитұрқы әрекеті қашан да қауіп төндіріп әлеуметтік, саяси ахуалдарға әкеліп соғатыны белгілі. Сондықтан айтып келмейтін бұл зауалдың алдын алу Дін істері мамандары мен дінтанушылар, теологтардың тікелей міндеті. Осы мақсатта ұйымдастырылған шарада облыс пен республикадағы діни ахуалдың жай-жапсары мен алдын алу жолдары талқыланды.
- Бүгінгі жиында әр өңірден келген мамандар бас қосуда. Өйткені біріге отырып, келісіп шешкен мәселенің кемелді түйіні шығады.  Аймақтардағы дін мен дәстүр мәселелері кеңінен талқыланбақ, - дейді облыстық Халифа Алтай мешітінің наиб имамы Дәулет Қабидолдин.

Бұған дейін осындай форум Нұр-Сұлтан қаласында өткен. Республикадағы дін мамандары мен қарапайым халық арасындағы актуалды тақырыптың біріне айналған жайт бірнеше облыстың дінтанушы мен теологтары арасында байланыс орнатқан.


- Қазіргі таңда діни ұстанымындағы артықшылықтары мен келеңсіз жайттары бар көптеген мемлекеттерді атауға болады. Соның бірқатары өздерінің діни басымдықтарын пайдалана отыра дәстүрлі дініне қиянат келтіріп қоғамдағы адамдарға залалын тигізуде. Діни сенім еркіндігін абсолютті еркіндік деп қабылдайтындары да бар, - дейді Л.Гумилев атындағы Еуразиялық Ұлттық университетінің "Дінтану" кафедрасының доценті, әлеуметтану ғылымдарының кандидаты Талғат Жақиянов.

Қазақстан зайырлы мемлекет болған уақытта яғни, тоқсаныншы жылдары елімізде 600-ден астам діни конфессиялар анықталған. Бұл дегеніміз 600-ден астам діни ағымдар. Алайда мемлекет басшылығы мен органдарының араласуымен бұл сан әлдеқайда кеми түсті. Бірақ бірінің басын кессе, екінші басы шығатын әбжыландай болған індеттің ізбасарлары көп.
Бүгіндегі діни қиындықтардың тағы бірқатары Қазақстан Республикасының Заңын, Мемлекеттік Рәміздерін сыйламау, мойындамау. Кейбір ағымдардың арасында Гимн орындағанда кеудесіне қолын қоймай, Елтаңбаны елдіктің белгісі деп білмейтін қазақтың қаракөздері де жетерлік.

 

- Біз санға емес сапаға, сыртқы келбетіне емес ішкі ұстанымына аса мән беруіміз қажет. Әр уақытта санамен, идеологиямен жұмыс істеп, дерадикализация және деактивизация тақырыптарын талдау қажет, - деп тоқталды Нұр-Мүбарак Египет ислам мәдениеті университетінің докторанты, экстремизмнің алдын алу саласындағы мамандарды қайта даярлау институтының директоры Асқар Сабдин.

Еліміздегі исламтанушылар мен ғалымдардың айтуы бойынша бастысы батпандап кірген аурудың алдын алып, ата дәстүрден аттамау. Яғни бұралаңы көп бұрыс жолды емес, дұрыс жолды айыра білу азаматтардың діни білімі мен сауаттылығына байланысты.
Айта кетейік, аталған шара ШҚО Дін істері басқармасы және облыстық дін мәселелерін зерттеу орталығының қолдауымен өтуде.

Данияр ЗАЙНЕЛОВ