ШҚО-да тәртіп сақшылары адам өмірін арашалап қалды

283
көрілім

20 қараша күні «Қыран-74» патрульдік экипажы қарда жалаңаш жатқан адамның өмірін сақтап қалды, деп хабарлайды Buqara.kz тілшісі.
Қараша айының алғашқы аязды түні. Таңғы сағат 5 жарым мөлшерінде «Қыран-74» патрульдік экипажы әдеттегідей өзінің қарамағындағы аумақты аралап келе жатып, жол ортасында жатқан тырдай жалаңаш адамды байқап қалады. Аппақ қарда шалқасынан түсіп жатқан ер адамның өлі немесе тірі екені байқалмайды.
Экипаж құрамындағы қос полиция аға лейтенанты Қанат Асылғазин мен Дамир Ауғанбаев дереу көліктерінен түсіп, әлгі адамның тірі екенін білген соң бірден «102» арнасына және жедел жәрдем қызметіне хабарлап үлгереді. Беті-аузы қанға малынған ер адамның мұндай жағдайға қалай душар болғанын тексеріп жатпастан, аязда үсіп қалмауын ойлаған тәртіп сақшылары дереу көліктеріне отырғызбақ болады. Алайда ер адам өзіне көмектеспек болған полицейлерге дөрекілік танытып, көлікке отырудан бас тартып, айғайға басады. Қатты тонған азаматты жылы көліктерінде есін жидырған Қанат Асылғазин пен Дамир Ауғанбаев жедел жәрдем бөлімінің қызметкерлеріне табыстайды.
Осылайша, «Қыран-74» патрульдік экипажы инспекторларының қырағы қимылдары мен сауатты әрекетерінің нәтижесінде адам өмірі арашаланды. Қоғамдық тәртіп күзеті мен адам өмірін сақтау жолында жүрген жігіттер бұл ерен істерін өз міндеттері деп есептейді.