ШҚО-да Ұлттық ұлан сарбаздары жоғалған 6 жасар баланы тапты

441
көрілім

Өскеменде Ұлттық ұлан сарбаздары жоғалып кеткен баланы тауып, ата-анасына жеткізіп берді, деп хабарлайды Buqara.kz сайтының тілшісі.

Кеше сағат 21:03 шамасында қала тұрғыны қоғамдық тәртіпті күзетіп жүрген 5518 әскери бөлім сарбаздарына 6 жасар баласын тауып берулерін сұраған. Әйелдің айтуынша, баласы Қабанбай батыр көшесіндегі аулада ойнап жүрген жерінен жоғалып кеткен.

– Мұндай кезде салғырттық танытуға болмайды. Бала басында небары санаулы сағаттарға жоғалып, артынша орны толмас қайғымен аяқталуы мүмкін. Сондықтан, біз қалайда бүлдіршінді тез арада табуға тырыстық, – дейді әскери жасақ бастығы Фархат Саршинов.

Екі сағатқа созылған іздеу жұмыстары барысында әскери жасақ Лев Толстой көшесіндегі аулалардың бірінде түр-сипаты сәйкес келетін балақайды байқап қалады. Бірден аты-жөні мен мекен-жайын сұрастырғаннан кейін жоғалған бала табылып, ата-анасына қайтарылды.