ШҚО-да ұлы ақынның ескерткіші бой көтерді

828
көрілім

Көкпекті ауданына қарасты Самар ауылында хәкім Абайдың ескерткіші салтанатты түрде ашылды, деп хабарлайды Бұқара.кз сайтының тілшісі.

Кемеңгер ақын Абай Құнанбайұлының туған күні қарсаңында бүгін Самар ауылында биіктігі 7 метрге жететін ескерткіштің ашылуы өтті. Өзінің құттықтау сөзінде аудан әкімі Асхат Сайдахметов ұлы тұлғаның Самар ауылына келуіне сүбелі үлес қосқан азаматтар еңбегін атай келе ескерткішті жасап бітуге екі ай уақыт кеткенін жеткізді.

Абайтанушы, ғалым Омар Жәлелдің айтуынша, ұлы ақынның ғибратты сөздерін ұдайы қайталап, біліп жүру - өскелең ұрпаққа, қалың жұртқа бағдаршам іспетті.
- Бізге шетелдерден кеңесші, серік іздеудің қажеті жоқ. Атамыздың әр сөзі тұнған философия. Ұлы Абайдың иделогиясы - біздің Темірқазығымыз. Осы орайда аудан тұрғындарының қуанышы молайып, жарқын сәттері көбейе түссін дегім келеді, - дейді ол.


Ескерткіш салтанатты түрде ашылған бойда қонақтарға шашу шашылып, жұрт естелік суретке түсе бастады. Ал Абай ескерткішінің авторы Әлібек Шоханов жауапты жұмысқа кірісерде үлкен ізденіс жасағанын тілге тиек етті.

Әділхан ЕСІМХАНОВ