ШҚО-да «Ұлы дала палитрасы» халықаралық пленэр-көрмесі өтеді

242
көрілім

Бұл жайлы Өскемен қаласында өткен пленэр-көрменің баспасөз конференциясында айтылды. Жиынға алыс-жақын шетелдерден келген суретшілер және отандық шеберлер қатысты, деп хабарлайды Бұқара.кз сайтының тілшісі.

3-14 маусым аралығында өтетін көрме суретшілердің барлық өнерін ортаға салмақ. «АртЗаман» жобасы бойынша қылқалам шеберлері «Рахман қайнары» аумағында өз туындыларын салмақ. Өскеменнің көрікті орындары мен Катонқарағай ұлттық паркінің бар сұлулығын бояумен жеткізетін суретшілер әлемнің әр қиырынан жиналған.

Шараға арнайы келгендердің қатарында пленэр кураторы, ҚР Суретшілер одағының мүшесі Есенғали Садырбаев, Ильнур Сиразиев (Ресей Федерациясы, Татарстан), Булат Мекебаев (Германия), Жансая Досжанова (Франция), Фатих Башбуг (Түркия), Марина Хачатурова (Грузия), Теймур Агалиоглу (Әзірбайжан), Момунбек Акматкулов (Қырғызстан), Нодир Бобомуродов (Өзбекістан) сынды құрметті қонақтар бар.

 

- Алтай жері — түркі бесігі. Біз Түркиялықтар тегіміз осы киелі жермен байланысты екендігін жақсы білеміз. Руханият пен мәдениетімізде ортақ дүниенің бар екендігін, туыстас ел екенімізді айтып жүреміз. Ал сол байлықтың арнасы енді Алтай жерінде бір арнаға қосылмақ, - дейді Түркия Суретшілер одағының мүшесі Фатих Башбуг.

 

Табиғаты сұлу, ауасы шипа өлкеде шеберлердің туындыларын салу мүмкіндігі бір аптаға созылмақ. Ал 13 маусымда Шығыс Қазақстан өнер музейінде «Ұлы дала палитрасы» шарасының қорытындысы облыс әкімі мен мәртебелі қонақтардың қатысумен өтеді. Суретшілердің этюдтары мен пейзаждарының көпшілігі облыстық музейдің қорына сыйға тартылмақ. Сол күні «Жастар» саябағында шеберлік сыныптары қызығушылық білдіргендерге ұсынылады. «АRT-Жастар» жобасына қатысушылардың жұмыстарын тамашалап, сатып алуға да болатын «Жастар Арбаты» жұмыс істейді деп жоспарлануда. Сәндік-қолданбалы бұйымдар, сахналанған көріністер мен «Алтай» фольклорлық ансамблінің өнерлері көпшіліктің көңілін көтеруге ниетті.

Тек бейнелеу өнері емес тарих пен этнография мәселелеріне қатысты көптеген туындылар дүниеге келеді деп күтілуде. Көрмеге облысымыздың әр ауданынан жиналған 50-ге жуық суретшілер қатыса алады.

Данияр ЗАЙНЕЛОВ