ШҚО-да үздік тауарлар белгілі болды

309
көрілім

Бүгін Өскеменде «Қазақстан үздік тауары» көрме-жәрмеңкесі өтті. Ауқымды шараға бас-аяғы 94 қатысушы келді, деп хабарлайды Бұқара.кз сайтының тілшісі.
Жылдағы дәстүрге айналған шара бұрынғыдан өзгерек өтті. Ұйымдастырылу деңгейі де біршама жоғары. Кәсібін жаңадан бастап отырғандармен қатар, «Бизнес бастау» бағдарламасы бойынша біраз жұмыстың шетін шығарған біліктілері де бар. Айталық, Риддер қаласынан келген Анель Құрбанова есімді іскер жан көпбалалы ана екен. Осы орайда мемлекеттік бағдарламамен биылғы жылы 240 мың, кейін кәсібін кеңейту мақсатында тағы 2 миллион теңге мөлшерінде грантқа ие болған.  Бес баланың анасы қазір жұмысын ұршықша иіріп отыр.
– Мен жасайтын қолөнер бұйымдары облыс көлемінде және еліміздің бірнеше қаласында жоғары сұранысқа ие. Ғаламтор-дүкенім бар. Әзірге айналымға салу үшін қаражат аз болып тұрғандықтан сұраныс көп дей алмаймын. Ұлттық нақыштағы бұйымдарды әкелдім осы көрмеге. Көліктерге арналған тісқабым да қалың матамен тігілген. Тігінмен айналысып келе жатқаныма 15 жылдан асты, – дейді ол.
Сонымен «Үздік азық-түлік тауары» аталымы бойынша бірінші орынға Ұлан ауданының «Eco Product» ЖШС, «Өндірістік бағыттағы үздік тауар» номинациясында «Азия АВТО» акционерлік қоғамы, ал «Тұрғындар үшін үздік тауар» аталымында Семей қаласының «ТЕРРА ВИТА» ЖШС лайық шықты. Одан бөлек, өскемендік кондитерлік өнімдер шығаратын «Вояж Плюс» ЖШС ынталандыру сыйлығына ие болды.

Әділхан ЕСІМХАНОВ