ШҚО-да үздік ұстаздарға пәтер кілттері табысталды

403
көрілім

Бүгін Өскемен қаласында «Келешекке – кемел біліммен» атты тамыз конференциясы болып, білім саласының үздіктері марапатталды, деп хабарлайды Бұқара.кз сайтының тілшісі.

Конференцияда бірқатар ұстаздарға пәтер кілттері табыс етіліп, үздіктері марапатталды. Арнайы Start-up жобалар мен мехатроника бағытындағы көрмелер де ұйымдастырылады. Шараның басты мақсаты – педагог мәртебесін көтеріп, тәжірибе алмасу.

- Бүгін еліміз үшін ерекше мейрам. Себебі ұлт үшін де ұрпақ үшін де ұрт етін жеген ұстаздар біздің рухани сүйенішіміз. Біз ұстаздардың еңбегін ешқашан елеусіз қалдырмаймыз. Біздің қоғам сіздер тәрбиелеген жастармен күн санап ілгері басып келеді, - деп Даниал Ахметов ұстаздар қауымын бүгінгі мерекелерімен құттықтады.

Ұстаз еңбегі ұлт пен ұрпақ тамырына терең бойлап, рухани нәр беретін қасиетті күш. Біздің қоғамда шәкірттерін білім нәрімен сусындатып, адамгершілікке баулитын мұғалімнің еңбегі зор. Ал бүгінгі мереке барысында ұстаздар жылдар бойына атқарған жұмысының жемісін көрді.

- Бүгінгі көңіл-күйіміз өте керемет. Осылай ұстаздардың еңбегі бағаланып жатқанына қуаныштымын. 34 миллионды қанжығалап қайттық. Әрине бұның бәрі тек менің жеке жеңісім емес. Барша ұжымның ортақ жеңісі деп білемін. Ұстаз болып бала тәрбиелеу оңай емес. Көкпекті ауданының әкімдігіне және аудандық білім басшылығына алғысым шексіз, - деді Самар ауылы орта мектеп лицейінің директоры Баян Богисова.

Таунар ҚАЙРАТ