ШҚО-да «Жас толқын: Дала семинары» өтуде

278
көрілім

Қазақстан Мұсылмандары Діни басқармасы Өскемен аймағы өкілдігі мен Алтай аудандық әкімдігінің ұйымдастыруымен «Жас толқын: Дала семинары» Алтай төрінде өтіп жатыр. Республиканың әр өңірінен келген діни басқарманың жастар секторының меңгерушілері, мешіт имамдары мен белсенді жастар рухани басқосуды шырайлы өлкеде өткізуді жөн санаған, деп хабарлайды Бұқара.кз сайтының тілшісі.


Алтай ауданының Күмісбұлақ өлкесінде қонақтарға арналып табиғат аясында он шақты киіз үй тігіліп, түрлі спорттық ойындар ұйымдастырылды. Арқан тартыс, волейбол, гір көтеруден сайыстар өткізіп, қазақ күресінен өзара «Дала барысын» анықтады. Сексенге тарта жас жиналған шараға облысымыздың аудан мен қала мешіттері де ат салысуда.
«Дала семинары» барысында жастарға жат ағымдарға қарсы күрес, ұлттық құндылықтарды насихаттау турасында семинар-тренингтер өткізілуде. Сонымен қатар қоғам қайраткерлерімен кездесулер де жоспарланған.


- Қазіргі уақытта ел жастарының көпшілігі дінге бет бұруда. Мешіттердің өзінде келушілердің 70%-ы жастар. Дегенмен намаз оқып, ораза ұстаса да көп дүниенің дұрыс-бұрыстығын ажырата бермейді. Біздің міндетіміз оларды түзу жолға бұру. Ал басқа ағымдарға кету себептерінің бірі – дәстүрлі дінді терең білмеуі, - дейді Нұр – Сұлтан қаласы Діни басқармасының Жастар секторының меңгерушісі Әділет Көпен.

Бірнеше күнге созылған бұл шара ерекше форматта өтсе де маңызды мәселелердің мәнін ашып, күрделі істердің күрмеуін шешуде.
- Мақсатымыз жастарға рухани, дәстүрге бай қазақи ортада тәлім беру. Олармен пікір алмасып, ой бөлісу. Әр облыстан жиылған қонақтарға шырайлы Шығысымыздың тарихи орындарын таныстыру, - дейді ШҚО «Халифа Алтай» мешітінің баспасөз хатшысы Әскерхан Ақтай.