ШҚО-да жатақхана мәселесі шешімін таппақ

337
көрілім

Өңірде колледж және университет студенттеріне арналған жатақхана салу жұмысы жандана түседі, деп хабарлайды Бұқара.кз сайтының тілшісі.

Республика көлемінде және аймақ бойынша шешімін тауып жатқан студенттер үйі жайлы ҚР Білім және ғылым министрлігінің «Қаржы орталығы» акционерлік қоғамының менеджері Алпамыс Сатыбалдин кеңінен айтып кетті. ШҚО Кәсіпкерлер палатасымен тізе қосып ұйымдастырылған шарада жауапты тұлғаларға еліміздің Тұңғыш Президентінің бес әлеуметтік бастамасының тиімділігі де сөз етілді.

– Студенттерді тұратын жермен қамтамасыз ету мәселесі жоғарыда аталған бағдарламаның үшінші бөлімінде жазылған, – дейді Алпамыс Сатыбалдин. – Осы орайда жатақханалардан кемі 75000 орынды пайдалануға беруді қолға алудамыз. Бұл үшін мемлекеттік бюджеттен 11 жылға 152,8 миллиард теңге қаржы бөлінді. Алдағы үш жылда тағы да 15 миллиард теңге бөлу қарастырылып отыр. Сондай-ақ студент, магистрант және докторанттарды жатақханаларға орналастыру үшін мемлекеттік тапсырыстарды орналастыру механизмі құрылды.

Акционерлік қоғам менеджерінің айтуынша, аталмыш механизмге сәйкес кез-келген ұйым «Қаржы орталығына» өтініш бере алады. Бұдан соң үшжақты келісімге қол қойылмақ. Нақтырақ айтсақ, Білім министрлігі тапсырыс беруші, Қаржы орталығы оператор, ал ЖОО, колледж немесе жекеменшік кәсіпорындар әлеуетті жеткізуші болып саналады.

Республика көлемінде Жоғарғы оқу орындарына 60000, ал колледж студенттеріне 25000-нан астам орын қажет саналса, Шығыс Қазақстан бойынша 4578 студентке жатақханадан орын тауып беру мәселесі қарастырылуда. Сонымен қатар жуық арада өңірде екі жатақхананың құрылыс жұмыстары басталады. Оның ішінде бірі Өскеменде, бірі Семей қаласында.

Әділхан ЕСІМХАНОВ