ШҚО-да жедел жәрдем көлігіне жол бермеген жүргізушілер жауапқа тартылды

388
көрілім

2019 жылдың жеті айында облыс көлемінде жедел жәрдем көлігінің қатысуымен 22 жол-көлік оқиғасы орын алған. Осының салдарынан 13 адам зардап шеккен. Анықталғандай, аталған жол-көлік оқиғаларының көбісі жүргізушілердің жедел жәрдем көлігіне жол бермеуінің кесірінен туындап отыр, деп хабарлайды Бұқара.кз сайтының тілшісі.

Бүгін Өскемен қаласында «Шығыс – адалдық алаңы» жобалық кеңсесінің ұйымдастырумен «Жол бер – өмірді сақта» акциясы жүргізілді. Бұндағы мақсат – жүргізушілердің жедел жәрдем көлігіне жол беру-бермеуін тексеру. ШҚО Денсаулық сақтау басқармасының қызметкерлері мен жол-патрульдік полицейлері де бұл іс-шарадан қалыс қалмады.

– Жедел жәрдем көлігінің дыбыс сигналы қосылып тұрса да жол бермейтін жүргізушілер жетерлік. Бұл бізге науқасқа уақытында жетуге кедергі келтіреді. Сырқаттанып немесе хал үстінде жатқан адамдарға әр секунд маңызды, – дейді Виктор есімді жедел жәрдем көлігінің жүргізушісі.

Акция барысында жедел жәрдем көлігімен қаланы аралағанда бірнеше жол бермеу фақтісі байқалды. Әсіресе бұндай заңбұзушылыққа жол қиылыстарындағы бағдаршамда тұрған көлік жүргізушілері жол беріп жатады.

Қоса кетсек, тәртіп сақшыларының айтуынша, егер жүргізуші жедел жәрдем көлігіне жол беру барысында ереже бұзса, онда жауапкершілікке тартылмайды. Керісінше жол бермесеңіз 7 АЕК көлемінде айыппұл төлейсіз.

Таунар ҚАЙРАТ