ШҚО-да жол жөндеу жұмыстарына немқұрайлы қараған мердігерлер анықталды

538
көрілім

Өткен жылы Шығыс Қазақстан облысында 45 бағыт бойынша  жолдарға түрлі дәрежедегі  жөндеу жұмыстары жүргізілді.  Ал 11 шақырым болатын  Семей-Қайнарлы тасжолы толық жөндеуден өтіп қолданысқа берілді. Дегенмен  жұмысына немқұрайлы қараған мердігер мекемелер де болды, деп хабарлайды Buqara.kz сайтының тілшісі.
Жаңадан немесе жөнделген жолдың жобадан ауытқымауын «жол активтері ұлттық сапа орталығы» РМК  облыстық филиалы қадағалайды. Қадағалаушы  мекеме өткен жылы мердігер мекемелердің атқарған жұмысынан 700-ден астам кемшілікті анықтаған. Көшпелі зертхана мамандары жөндеуден өткен жолға барып кез-келген  жерінен сынама алып төселген асфальттың сапасын  зерттейді. Егер кемшілік анықталса, арнайы хаттамаға сәйкес жауапты мекеме мен мердігер компанияға олқылықты жоюға нұсқау береді. Одан соң қайта тексереді.
Былтыр жол активтері ұлттық сапа орталығының облыстық филиалы барлық жөндеуден өтіп жатқан жолға 523 рет іс-сапарға шығып 626 сынама алып тексеруден өткізген. Филиал директоры Ержан Аязбаевтың айтуынша, негізгі кемшіліктер асфальттың сапасына немесе қиыршық тасқа қатысты болады. Сондай-ақ жол белгілерін дұрыс орнатылмауы. Түрлі сызықтардың қисық болуы немесе материалдың дұрыс сақталмауына қатысты кемшіліктер анықталды. Осы анықталған кемшіліктерді жою үшін мердігерлер мен тапсырыс берушілерге 336 хат жолданды.