ШҚО-да жыл басынан бері пайдаланылмаған 126 жер учаскесі мемлекетке қайтарылған

374
көрілім
Шартты фотосурет.

Биылғы жылдың басынан бері пайдаланбаған жерді мемлекетке қайтарғандардың саны өткен кезеңмен салыстырғанда 2 есеге өскен. 2018 жылдың қаңтар айынан бастап ШҚО Прокуратурасының ықпал етуімен мемлекет меншігіне кадастрлық құны 2 млрд теңгеден асатын, жалпы алаңы 25,5 мың гектар 126 жер учаскесі қайтарылды, деп хабарлайды Бұқара.кз сайтының тілшісі.

Шығыс Қазақстан облысының Прокуратурасында пайдаланылмайтын жерлерді қайтару мәселесі жөнінде ведомствоаралық кеңес отырысы болып өтті. Кеңес отырысында айтылғандай, Алакөл мен Сібе көлдерінің жағалауын зерделеу бойынша көлемді жұмыс атқарылған.

Сонымен қатар, жергілікті атқарушы органдардың мәліметтері бойынша облыс аумағында алаңы 154 мың гектардан астам 200 жер учаскелері мүлде пайдаланылмайтыны және жер заңнамасын бұзу арқылы қолданылып жатқандығы анықталды. Олардың басым бөлігі Бұқтырма су қоймасының және қалалардың инфрақұрылымын дамытатын аумақтарда орналасқан. Мысалы, Өскемен қаласында бұл Сәтпаев даңғылы, Самар тас жолы, 19 және 21 мөлтек аудандар.

– Облыс прокуроры Құсайын Игембаев қалған жер учаскелерін қайтару бойынша жұмысты ширатып, сондай-ақ, жер ресурстарын тиімді пайдалану бойынша барлық өзекті мәселелерді шешетін жұмыс тобын құрастыруды тапсырды. Бірлескен жұмыстың нәтижелерін ай сайын тыңдап, осы жылдың қазан айында түпкілікті қорытындылары шығарылатын болады, – деп хабарлады ШҚО Прокуратурасының баспасөз қызметі.