ШҚО-да жыл соңына дейін 277 IT-сынып ашылады

420
көрілім

2018 жылдың аяғына дейін Шығыс Қазақстанда 277 IT-сынып ашылады. Бұл туралы бүгін аймақ басшысы Даниал Ахметов облыстың дарынды балаларын ұлықтау кезінде мәлімдеді, деп хабарлайды Бұқара.кз сайтының тілшісі ШҚО әкімінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Бүкіл әлемдік балаларды қорғау күнінде Даниал Ахметов аймақтың кішкентай дарынды балаларымен кездесті. Республикалық «Нұр Отан – балаларға!» акциясы аясында облыстық филиалда ерекше қонақтарға арнайы дастархан жайылды. Облыс әкімі балаларға Шығыс Қазақстанның, жалпы республиканың даму жоспары туралы айтып, әсіресе Төртінші өнеркәсіптік жаңғыру жағдайына тоқталды. Бір қызығы, балалар да бұл тақырыптан алыс емес екен. Мәселен, 8 жасар Антон Слугин кішкентай болса да ақпараттық технологияға зор қызығушылық танытуда. Облыстық зияткерлік байқаулардың жеңімпазы бүгінгі кездесуде көрсеткен Lego Mindstorms моделінің роботын өзі бағдарламалап, арнайы әкелген.

– Әлеммен бәскелестікке түсу үшін балалардың кішкентай кезінен бағдарламалауға үйрету керек. Бұл Елбасы айтатын болашақ. Биыл қыркүйекте Шығыс Қазақстанның барлық мектептерінде робот техникасы кабинеттері ашылады және бұл осы бағытта атқарылар істің басы ғана, - деді Даниал Ахметов журналистерге берген сұхбатында.

Айта кету керек, бүгін «Нұр Отан» партиясы саяси бюросының жиынында ел бойынша 1000 тегін IT-сыныптарын ашу міндеті қойылды. Жоба бағдарламалау және робот техникасын тереңдетіп факультативті оқытуға бағытталған. Енді еңбек нарығында жоғары сұраныс білікті IT-мамандарына болады.

– Шығыс Қазақстан бұл міндетті жыл арнасында шешеді. 1000-ның 277 IT-сыныбы ШҚО-да болады. Сонымен қатар, робот техникасы кабинеттерін компьютерлік сыныптарымен кіріктіреміз. Бізде IT-орталық бар, қажетті бағдарламаны жасаймыз. Айта кету керек, жақын арада ШҚО-да бағдарламашылар форумы өтеді. Онда тек аға буынды емес, балаларды да шақырамыз. Бүгін көрген ұл-қыздар мен мықты бағдарламашылардың өзіндік синтезін жасауды көздейміз, - деді аймақ басшысы.

Мейрамда барлық 26 балаға Даниал Ахметов салауатты өмір салтына бастар велосипедтің сертификатын табыс етті.