ШҚО-да жылыту маусымы қарсаңында 3,5 мыңнан аса өрт қауіпсіздігі ережелерін бұзу фактілері тіркелген

279
көрілім

Бұл туралы ШҚО ТЖД мамандары мәлімдеді. Жылыту маусымы қарсаңында облыстағы тұрғын үйлердің 42 пайызы арнайы мамандардың тексерісінен өтті, деп хабарлайды Бұқара.кз сайтының тілшісі.

– Көп жағдайда өрт жер үйлер орналасқан аумақтарда болады. Әсіресе саяжай учаскелерінде. Оған түрлі себептер әсер етеді, электр сымдарының ақауынан бастап үй жылытатын пештердің дұрыс орналаспағандықтарына дейін. Биылғы жылы жылыту маусымына дайындық екі кезеңмен жүзеге асырылады. Өрт қауіпсіздігі шаралары бойынша мекенжайлармен жұмыс істеуде көбінде әлеуметтік жағдайы төмен, көпбалалы жанұяларды және мүмкіндігі шектеулі жандарды басты назарға аламыз, – дейді ШҚО ТЖД-ның бас маманы Ринат Кондыбаев.

Оның айтуынша, 456 факті аулада пішенді дұрыс үйіп, жимаудан туындаған. Сол сияқты үй маңында тазалық жұмыстарын жүргізу кезінде қоқысты өртеу оқиғалары да қауіп тудырады.

Жеке сектордағы үйлердің тұрғындарына 94 рейдтік шара ұйымдастырылды. Сонымен қатар түтін иісін анықтайтын 1700 арнайы датчиктер орнатылды.

– Өткен жылы жылыту маусымында 94 өрт оқиғасы тіркелген. Осы жылы 21 адам зардап шекті. Бұл өткен жылға қарағанда 36 пайызға төмен, – деп хабарлады Өскемен қалалық ТЖД басшысы Андрей Андрейко.