ШҚО-дағы ауруханаларда ескірген құрал-жабдықтар көбейген

389
көрілім

Аймақтағы бірқатар ауданда ақ халаттылар қолдануға тиісті заманауи құрал-жабдықтар жетіспеуде. Бұл туралы облыстық Кәсіпкерлер палатасында өткен жиында айтылды, деп хабарлайды Бұқара.кз сайтының тілшісі.

Шараға келген жеке кәсіпкерлердің айтуынша, әлеуетті жеткізушілерден жабдықтар сатып алған кезде техникалық сипаттамаға жіті мән берілмейтін көрінеді.

– Медицинадағы сапа деңгейіне тиісті мөлшерде көңіл аударылмау салдарынан емханаларда күні бүгінге дейін қарапайым құралдардың өзі ескі күйінде. Мұнда аталған мәселелер төңірегінде бекітілген жауапты тұлғалар айналысса түйіткіл түйіні әлдеқашан шешіліп қояр еді. Ал бұл жерде облыстық Денсаулық сақтау басқармасындағы мемлекеттік сатып алу бойынша арнайы өкіл бар. Көп жағдайда үнемі сол адамдардың араласуымен сұрақтарға жауаптар табылмай жатыр, – дейді сапаға көңілдері толмайтын кәсіпкерлер.

Одан бөлек, ауруханалардағы статист мамандар жабдықтарды жаңарту кезінде де іске араласатын көрінеді. Жиналған жандарды ең бір мазалайтыны – мемлекет тарапынан бөлінген қаражат пен берілген тапсырмаларды орындауда үнемі бір өкілдің шешім шығаруы. Бұл жөнінде Кәсіпкерлер палатасына келіп жолыққан «Альянс-MEDICA» ЖШС мамандары Катонқарағай мен Бородулиха аудандарындағы медициналық құрал-жабдықтарды сатып алудағы қиындықтарды жіпке тізіп айтып берді. Аталмыш серіктестік тарапынан облыстық Денсаулық сақтау басқармасына бірқатар сауалдар қойылды. Маңыздысы сол, Катонқарағай ауданының №2 аудандық ауруханасында жүргізілген тендерге қатысқан «Альянс-MEDICA» ЖШС-нің жіберген өтінішін тендерлік комиссия қабылдамаған екен. Соның салдарынан ұсынылған бағадан анағұрлым жоғары соманы көрсеткен әлеуетті жеткізуші тендерді ұтқан көрінеді. Ал ЖШС басшысы болса бұл мәселе төңірегіндегі сауалдың барлығын облыстық Денсаулық сақтау басқармасына жаудырды.

 

Әділхан ЕСІМХАНОВ