ШҚО-дағы автобустардың 65 пайызы техникалық жарамдылық уақытынан асып кеткен

318
көрілім

ПД мамандары қоғамдық көліктермен тасымалдау мекемелерінің қызметкерлерімен кездесу өткізіп, жол қозғалысы мен адамдар қауіпсіздігін сөз етті, деп хабарлайды Бұқара.кз сайтының тілшісі.

ШҚО ПД басшысының бірінші орынбасары Жанболат Калетаевтің айтуынша, қоғамдық көліктермен болған жол апаттары қатты алаңдатады. Өткен жылы бұл бойынша 51 оқиға тіркеліп, 70 азамат жарақат алса, 3 адам көз жұмған.

Бүгінде апатқа тек жүргізушінің көлікті басқару қабілеті ғана емес, автобустардың техникалық жағдайы, олардың тозғандығы мен жол мәселелері де әсер етеді.

Техникалық олқылықтарына қатысты 425 жол ережесін бұзу жағдайы тіркелді. Әкімшілік жауапкершілікке 135 адам тартылды. Тасымалдаушы компаниялардың автобустарының 65 пайызы 8 жылдан артық уақыт пайдаланылып, әбден тозығы жеткен. Айта кетсек, автобустардың жарамдылық уақытын 8 жыл немесе 500 мың шақырым жолды жүру өлшемі құрайды. Ол шығарушы зауытпен бекітіліп, техникалық құжаттамасында көрсетілген.

Бұл бағыттағы алға ілгерілеушілік жарамсыздық мерзімі біткен 84 автобусты пайдаланудан алған Семей қаласынан байқауға болады. Одан басқа отандық өндірістің 179 автобусы сатып алынған, – дейді ШҚО ПД полиция мамандары.