ШҚО-дағы «АвтоЦонда» кезек саны азаяды

333
көрілім

Өскемендегі «АвтоЦонда» тұрғындар ұзын-сонар кезекте тұрмас үшін онлайн тәртіпте қызмет көрсетілуде, деп хабарлайды Бұқара.кз сайтының тілшісі.

Облыстық Аймақтық коммуникациялар қызметінде өткен жиында жауапты тұлғалар шілденің 1-нен бастап техникалық құжаттарды реттеу бойынша орын алған келеңсіз жайттар жөнінде ресми мәлімдеме жасады. Айтуларынша, жұртшылық өз уақытын үнемдеу үшін үйде отырып-ақ құжаттарды реттеуге өтінім бере алады. Аталған қызметтер жеке куәліктер арқылы жүзеге асырылады және уақыт өте келе кезек саны да азаймақ.

– Халық жұмыс уақыты басталмай жатып мекеме алдына келіп алады. Айталық, жұмыс сағат 9:00-ден басталса, олар кезек алу үшін сағат 7:00-ден бастап келеді. Олай етудің қажеті қанша? Әркім өз уақытын жүйелеу үшін онлайн тәртібіне көшсе, түйткілді мәселе шешімін табары сөзсіз. Тұрғындар өтінім беріп мекемеге жеткенше құжаттар рәсімделіп қояды, – дейді Өскемен қалалық мәслихат депутаты Станислав Каримов.

Одан бөлек, ШҚО бойынша Мемлекеттік қызмет департаменті басшысының орынбасары Қайрат Сапарғалиев «АвтоЦондағы» кезек мәселесі қалалық мәслихат бақылауында екенін айта келе, бүгін таңсәріден бері мекемеге келген 200-ге тарта тұрғынға 1-1,5 сағат ішінде қызмет көрсетілгенін жеткізді. Қала берді, жұртты дүрліктірген дүрбелеңнің болмағанын, қызмет жүйесінің бір арнаға түскенін алға тартты.

Әділхан ЕСІМХАНОВ