ШҚО-дағы әлеуметтік кәсіпкерлік корпорациясы қызметінде жемқорлық тәуекелдері анықталды

508
көрілім

Бұл туралы өңірдің Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызметі «Ертіс» Әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясы» акционерлік қоғамының қызметінде жүргізілген сыбайлас жемқорлық тәуекелдеріне сыртқы талдаудың қорытындыларын ұсыну кезінде айтылды, деп хабарлайды Buqara.kz сайтының тілшісі.

Отырысқа қоғамдық кеңес мүшелері, облыстық мемлекеттік органдардың басшылары, «Ертіс» ӘКК басшылығы қатысты.

Жарғыға сәйкес «Ертіс» ӘКК мақсаты мемлекеттік және жеке секторларды шоғырландыру арқылы Шығыс Қазақстан облысының экономикалық дамуына жәрдемдесу болып саналады. Қойылған мақсатты іске асыру үшін «Ертіс» ӘКК 9 қызмет түрін жүзеге асырады.

ШҚО Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызметі превенция басқармасының басшысы Архат Бейсембаев атап өткендей, талдау барысында «Ертіс» ӘКК ұйымдастырушылық-басқарушылық қызметінде сыбайлас жемқорлық тәуекелдері анықталды.

Атап айтқанда, талдау «Ертіс» ӘКК-де жұмысқа қабылдау рәсімі регламенттелмегендігі, адамдарды іріктеудің нақты критерийлері жоқ екендігі, нақты лауазымға орналасуға, үміткерлерді іріктеу кезінде бәсекелестік қағидаттарының бұзылғандығы, келіп түскен түйіндемелер тіркелмейтіндігі және т. б. анықталды. Бұл сыбайлас жемқорлық тәуекелдерінің жоғары деңгейі бар «Ертіс» ӘКК кадр саясатын іске асырудың ашық еместігін көрсетеді және бұл «Ертіс» ӘКК-нің негізгі міндеттерін орындау сапасына теріс әсер етеді.

Сондай-ақ, «Ертіс» ӘКК-нің ішкі нормативтік құжаттарында мүдделер қақтығысы институты көзделмеген.

Тұрғын үй құрылысы мен пәтерлерді сату кезінде, сондай-ақ инвестициялық жобаларды іске асыру кезінде және тұрақтандыру қорының қызметінде жоғары дәрежедегі бірқатар тәуекелдер анықталды.

Барлық анықталған тәуекелдер бойынша тиісті ұсынымдар берілді, олардың орындалуы Департаменттің бақылауында.