ШҚО-дағы әлеуметтік-медициналық мекемелер карантинге жабылуы мүмкін

331
көрілім

Аймақта қатерлі індеттің одан әрі таралуына тосқауыл қою үшін барлық шаралар қолданылуда. Қазіргі уақытта барлық әлеуметтік-медициналық мекемелерді карантинге жабу мәселесі қарастырылуда, деп хабарлайды Buqara.kz сайтының тілшісі.
Олай етуге жан-жақты негіз бар. Жуырда ғана тапсырылған талдау нәтижесінде Аягөз ауданындағы балаларға арналған арнайы әлеуметтік қызмет көрсету орталығының қос бірдей тәрбиеленушісінің коронавирус жұқтырғандығы анықталды. Бұған дейін балалардың екеуі де орталық қамқорлығында болмаған, демек инфекция шеттен енгізілген болып тұр.

Айталық, 2004 жылы туған бала наурыз айының 10-ы мен маусымның 22-сі күндері аралығында ата-анасының жанында демалыста болған. Орталыққа тек 23 маусым күні келді. Тиісінше, оны арнайы әлеуметтік қызмет көрсету орталығындағы карантиндік бөлмеге оқшаулап, КВИ анализін алады. Өкініштісі сол, талдау оң нәтиже берген.

2005 жылы өмірге келген екінші бала да 13 наурыз бен 23 маусым аралығында аталған орталықта болмай, сол уақытта Өскемендегі психикалық ауытқуы бар орталықта ем-дом қабылдаған. Сәйкесінше, одан алынған анализ де коронавирусқа шалдыққанын растады.

Қазір балалар дәрігерлердің бақылауында. Балалармен жақын қарым-қатынаста болған санитарлық мамандар өзін-өзі оқшаулауға жіберілді. Ақ халаттылардың айтуынша, вирус жұқтырған әлеуметтік орталық қызметкерлерінің саны күн санап артуда.

Мәселен 15 маусым күні Бозанбай ауылындағы арнайы әлеуметтік қызмет орталығындағы бір дәрігердің инфекция жұқтырғандығы анықталды. Оған тез арада қажетті медициналық көмек көрсетіліп, қазіргі уақытта ауруханадан шығарылған. Араға төрт күн салып Аталған орталық қызметкерлерінің барлығы КВИ-ге тест тапсырып, екі медибике мен бір науқастың вирус жұқтырғандықтары анықталды.

Осы ретте мамандар инфекция жұқтыруға әкелген жайттың барлығы шеттен келгендігін айтуда. Сол себепті, сақтық шараларын күшейтіп, аталған мекеме қызметкерлері мен науқастардың денсаулығын жіті бақылау басты назарға алынуда. Осы жайттарды ескере келе карантин енгізу тәртіб індеттің одан әрі таралуына жол бермеудің тиімді әдісі болып саналады. Бүгінде Бозанбай ауылындағы орталық 19 маусымнан бастап карантиндік режімде жұмыс істеуде.