ШҚО-дағы еркін күрес жаттықтырушыларының қазіргі нәтижелері қандай?

755
көрілім

Соңғы бес жылды алып қарайық. Әр спорт түрінен көрсеткіштерге көз жүгіртсек, дзюдо, бокс, еркін күрес бойынша жерлестеріміздің жүлдесіз қалып, тұғыр сатысына жайғасу үшін тартыстан тыс қалған сәттері некен-саяқ. Басқа да тізімге ілініп, жеткен жетістіктері жіпке тізіліп жазылмай жатқан спорт түрлері де жоқ емес. Фристайлдың могул түрін алайық, киокушинкай-кан каратэ, жеңіл атлетика және тағы басқалары. Дегенмен бұл жолы мақала мазмұны еркін күрес хақында. Алып та, шалып та, айла-тәсілін тауып та алып ұрып, бозкілемде бар мүмкіндіктерін паш етіп жүрген палуандар емес, шәкірт тәрбиелеуде шын біліктілігін байқатып жүрген бапкерлер басты кейіпкер болмақ, деп хабарлайды Buqara.kz сайтының тілшісі.

Ашуын ақылға жеңдіретін жан

Көпшілігі қазір «облыс бойынша еркін күрестің деңгейі қалай, елішілік жарыстарда қандай нәтижелер көрсетіп келеді, халықаралық додаларда жүлде алып, сәтті өнер көрсетіп жүрген кімдер?» деген сауалды ой елегінен өткізіп, өздігінен талқыға салуды жадынан шығарған болулары керек. Күрес дегенде көпшілігі қазақ күресінің қара нары атанып жүрген Айбек Нұғымаровты еске алулары мүмкін. Әлбетте, оған шүбә жоқ. Дегенмен күні бүгінге дейін Олимпиада алтыны бұйырмай жүрген еркін күрестің тыныс-тіршілігі бөлекше, аға буынның ізін өкшелей түскен жастар мен жасөспірімдердің жеңіске деген құлшыныстары шынымен-ақ көңіл қуантады. Қазір облыстағы еркін күрестен бас бапкер міндетін атқарып жүрген ұландық Асқар Мұқашев. Ашуын ақылға, сәтсіздікті сабырға жеңгізіп, әліптің артын бағуды құп көретін жаттықтырушы. Жастар құрамасына да білгенін үйретіп, тәжірибесі толысқан ересектер сапына қосып жүрген біртоға азамат. Бас бапкер болып жүргеніне үш жылдан асты. Жеткен жетістік ауыз толтырып айтарлық деуге толық негіз бар.

Өскемендегі 23 жасқа дейінгі жастар арасындағы ел чемпионатының белдесу сәті. 65 келі. Суретте Олжас Олжақанов бапкерлермен

2018 жыл. Алматы. Балуан Шолақ атындағы спорт сарайы. Өңірдің кіл мықты палуандары Конфедерация кубогі жолындағы бәсекеде басқосты. Үздік үштіктен үмітті командалардың бірі – әрине, Шығыс Қазақстан облысы. Асқар Мұқашев бастап барған бозкілем шеберлері айтарлықтай мықты құраммен өнер көрсетті. Құрамында Азия ойындарының күміс жүлдегері Данияр Қайсанов, Д.Қонаевты еске алуға арналған Халықаралық турнирінің жеңімпазы Расул Қалиев, Азия ойындарының күміс жүлдегері Азамат Дәулетбеков сынды спортшылардың жоғары деңгейлі күрес көрсететіндіктері бесенеден белгілі еді. Аймақ атынан сынға түскен саңлақтарымыз күні бұрын жартылай финалда Алматы қаласының құрамасын 4:2 есебімен сан соқтырып, финалдық кездесуде дәл осы басымдықты сақтап қала алды. Көпшілік 74 келідегі қос мықтының айқасын тағатсыздана күткен. Нұрсұлтандық Нұрлан Бекжанов Әлем чемпионатының күміс жүлдегері. Оған қарсы тұрған көкпектілік Данияр Қайсанов. Тәжірибесі толысып-ақ тұрған, десе де сол текетіресте Бекжановтың бәсі жоғары болды. Мұның алдында белдескен 57 және 65 келідегі спортшыларымыз жеңіске жетіп, есеп 2:1 болды. Одан кейін 86 келіге дейінгі салмақтағы Азамат Дәулетбеков бұл басымдықты одан ары ұлғайтты. Алмас Жүніс 97 келіде есе жіберсе, риддерлік Олег Болтин кездесу нүктесін қойды. Дене бітімі біршама шымыр, шыныққан Болтин Нұрсұлтан қаласының өкілі Жасұлан Ерменбетке еш мүмкіндік бермей, жалпы есепті 4:2-ге жеткізді. Араға жыл салып Мұхаммед Балғабай, Айбар Жылқайдаров, Самат Қалтаев сынды өрендерді өңір құрамасына алып, тағы да атбасын Алматыға тіреді. Дегенмен жартылай финалда Алматы облысының құрамасы жерлестеріміздің жолын бөгеп, сол додада ұландық бапкердің қоластында жаттығатын жігіттер қолаға қанағат тұтты. Не дегенмен соңы нәтижелі, жүлдесіз қайтпады. Қазір бұл бапкердің жетекшілігімен аға жолын жалғар інілер қаулап келеді. Кестедегі палуандар ел чемпионаттарында есе жібермей, халықаралық додаларда жүлде алып, Әлем чемпионатында өнер көрсетіп қайтқан спортшылар.

Аты-жөні

Салмағы

1

Мұхтар Сейітов

61 келі

2

Досжан Әсетов, Айдос Жылқайдаров

70 келі

3

Шыңғыс Мұхаметқалиев, Айбар Жылқайдаров

74 келі

4

Тілек Қабыкенов, Диас Асқаров

79 келі

Дәл осы спортшылар Өскеменде өткен 23 жасқа дейінгі жастар арасындағы ел чемпионатында жанкүйер алдында жарқын белдесу өткізіп, Шығыс өңірінің күрес деңгейі кенжелеп тұрмағанын дәлелдеген. «Ойй, андағың не?! Жоқ жерден ұпай сыйладың ғой қарсыласқа! Соңына дейін белдессеңші өзі!». Үкілеп қосқан үмітіне зекіп, жеңілістің кермек дәмін татса қолындағы орамалмен тартып жіберетін қызуқанды бапкерлер аз емес. «Спортшының жігері мұқалмай ма?» деген сауал келеді көкейге. Асқар Мұқашев шәкіртіне бозкілемнің бір шетінде тұрып бағыт беріп жатқанында сабырлы қалпы жұрт назарын аудартпай қоймас. Айқай-сүреңге баспай, асығып-аптықпай спортшыға соңына дейін сенім білдіреді. Есе жіберді ме, жер-жебіріне жетпей жіберген қателігіне іштей сараптама жүргізеді. Бапкердің эмоциясын байқаған палуан әзірлігін еселеп, келесіде кемшін тұсын ескеріп барып белдесу өткізеді.

Роллан Көксегенов

Семейлік бапкердің сенімін иеленгендер

Бас бапкерді есепке алмағанда, өзге жаттықтырушылар жайлы мүлде жақ ашпай жатамыз. Кіндік қаны Семейде тамғанымен, тегі тарбатағайлық Роллан Көксегеновтің көпке мәлім етпей, қазірдің өзінде-ақ «сен тұр, мен атайын» деген бірқатар жастардың құрлықтық аламандарда атой салуына мұрындық болып жүргендігінен біршамасы бейхабар. Семейдегі Жақсылық Үшкемпіров атындағы спорт академиясында маңызды додаларда ұпайдан шашау шығармай белдесетін жас жауынгерлердің әзірліктеріне шындап кіріскен. Семейлік бапкер үшін 2018 жылдың айрықша есте қалғаны белгілі. Ақжарлық Сұлтан Құрманалиев Бухарестегі халықаралық додада төрт белдесудің төртеуінде қарсыласына еш мүмкіндік қалдырмай, еліне алтын медаль әперді. Сол сайысқа дейін спорт шебері атанып үлгерген. Қазір Сұлтанмен қатарлас, әр ұмтылыстарынан ұшқын байқалатын Ілияс Ерболатов, Олжас Олжақанов, Дарын Әскербек сынды жастар да халықаралық, құрлықтық бәсекелерде қарсылас қорғанысын бұзып, қапы қалдырып келеді. Бір қызығы, аталған төрт палуан да Тарбағатайдың Ақжар ауылынан шыққан өрендер. 2020 жыл. Өскемен. 23 жасқа дейінгі жастар арасындағы ел чемпионаты. 65 келіде мүмкіндігін байқап көрген Олжас Олжақанов үшін кезекті сынақ. Себебі мұның алдында жасөспірімдер санатында Азия көлемінде үздік шығып жүрген палуан үшін жастар санатына өтіп, кіл мықтылармен шеберлік байқасу шынымен-ақ жаңа бір қамалдың қақпасын ашумен тең еді. Жеме-жемге келгенде атағы мен тәжірибесіне қарап қаймыққан Олжасты көрмедік. Алдымен қарағандылық Асылжан Тоқтаржанұлын 10:0 есебімен айқын ұтқан аяқ алысы кемі жартылай финалға дейін жететінін аңғартты. Солай болды да. Шешуші сында жастар арасындағы Әлем чемпионатының қола жүлдегері атыраулық Сырбаз Талғатқа есе жібереді. Бапкерлер үмітін ақтап қана қоймай, ел көлемінде жастар арасында жаңа есім пайда болғанын байқатты. Қазір ақжарлық спортшыдан қаймығатындары да аз емес. Роллан Көксегенов жүлде алған спортшылардың нәтижесіне қанағат етіп, босаңси қалатын бапкер емес. Ізденіс үстінде, шәкірттеріне жеңіске жетудің кілтін іздеумен жүреді десек әбестік болмас. Алаңсыз әзірлік жүргізуге мүмкіндік жасаған ШҚО Дене шынықтыру және спорт басқармасының басшылығына, ШҚО грек-рим, еркін және әйелдер күресі федерациясының басшысы Марат Мұзапаровқа, Қажымұқан атындағы ШҚО жеке күрестен мамандандырылған балалар-жасөсіпірімдер олимпиадалық резерв мектебінің директоры Жандос Сайхановқа алғысын жеткізді. Бұдан бөлек, Олимпиада ойындарында ел намысын қорғап қалуы мүмкін семейлік Азамат Дәулетбеков те тегі тарбағатайлық маманның тәжірибесінен шеберлігін шыңдауда. Семейлік бапкер қазір індет кеулеп тұрса да амалын тауып, оқу-жаттығу жиындарына қатысуда. Не дегенмен маңызды аламандар рұқсат берілсе, жалауын көтеруге әзір.

Суретте сол жақта Мейірбек Байжанов

Жармалық бапкердің жанкешті палуандары

Жастар мен ересектер жайлы аз-кем мысалдар келтірілді. Енді жасөсіпірімдер жайлы бірер сөз. Қазір облыста еркін күрестен жасөспірімдердің аға жаттықтырушысы жармалық Мейірбек Байжанов. Шәкіртіне қай тұрғыда қолдау қажеттігін алыстан аңдап тұрады. Өзінен гөрі өзге бапкерлердің біліктілігін айтып, әріптестерінің мәртебесін көтеріп жүретін аңқылдақтығы тағы бар. Көпке беймәлім бола тұра, Әлем чемпионатының қола жүлдегері көкпектілік Данияр Қайсановтың алғашқы жаттықтырушыларының бірі де осы маман. «Алғашқы бапкер қалай бірнешеу болады?» деген заңды сұрақ туындайтыны белгілі. Қайсановтың томағасын сыпырған әкесі Әлібек Нүкенов пен тілге тиек етіп отырған Мейірбек Қазезұлы. Өткен жылы жармалық Бекзат Сыбанбай қытайлық Тайпейде өткен жасөспірімдер арасындағы Азия чемпионатында қола медаль иеленсе, Байжан Тоқташ, Әділ Жақсыбаев және Заңғар Қабылбековтер биыл Беларусь еліндегі халықаралық бәсекеде олжа салды. Мұның барлығы нәтижелерді тізбектеп жаза беру емес, ТМД, Азия көлемінде бәсекелестік артып тұрған салмақтарда мінез көрсетіп, мінсіз белдесу көрсетуге ниетті жасөспірімдердің жанкештілігі деп білген ләзім…

Өңірдегі еркін күрес тынысының ашыла түсуіне сүбелі үлес қосқан жандар аз емес. Бірқатарының есім-сойы аталмады. Сайып келгенде аймақтағы палуандардың әр аламанда атой салуы жұдырықтай жұмылған барша бапкердің ортақ жеңісі дегеніміз әлдеқайда орынды болар.

Әділхан ЕСІМХАНОВ