ШҚО-дағы халыққа қызмет көрсету орталықтары қалай жұмыс атқаруда

401
көрілім
Азамат Есембулов.

Қалың құжаттар мен анықтамалар адамды адастыратындай көрінеді. Жаңа туған нәресте мен жер таянған қарттарға дейін ресми қағаздардың түр-түрі қажет. Бүгінде көптің көкейіндегі мәселе де осы. Халыққа қызмет көрсету орталықтары қандай қызметті атқарып, міндеттерді орындайды? Бұрынғыдай бума-бума қағаздарды тасып әуре болудың керектігі бар ма? Осы мәселе бойынша «Азаматтарға арналған үкімет» ШҚО филиалының директоры Азамат Есембуловпен сұхбаттасып көрдік.

Халыққа қызмет көрсету орталықтары қандай қызмет түрлерін ұсынады?

– Мемлекеттік корпорация 700-ден аса қызмет түрін көрсетеді. Корпорация құрылғаннан бері аудандар мен қалаларда 7 млн.ға жуық қызмет жасалды. Оның ішінде 850 мың электронды цифрлы қолтаңба беріліп, 2761 мекенжай бойынша қызмет пен 71 мыңнан аса мемлекеттік қызмет тұрғындарға оң пайдасын тигізді.

Осылардың қатарында ең танымалы ақпараттық-анықтамалық қызмет көрсету түрлері. Мекенжай бойынша анықтама алу, мүлікті пайдалануға қатысты анықтама, заңды немесе жеке тұлғалар үшін қозғалмайтын мүлікке қатысты анықтамалар тұрғындарға жиі беріледі. Көбін республика бойынша немесе Шығыс Қазақстан бойынша алуға мүмкіндік бар. Әсіресе жекешелендіру мен баспана алу кезегінде тұрғандар аталған қызметке жиі жүгінушілер. Мысалы мемлекеттік бағдарлама бойынша үй алу мен байқауға қатысу кезінде, жылжымайтын мүлік пен ипотекалық несиеңіз болмауы шарт. Немесе жұмысқа орналасу кезінде сотталмағаны жайлы анықтама қағазды алу міндетті болған соң бұл қызмет те ХҚКО-нда атқарылады.

Облыстағы цифрландыру жұмысы қалай атқарылуда?

– Қарапайым адамдар «цифрландыруға көшеміз», «барлығын автоматтандырамыз» деген сипаттағы сөздерді естіген кезде таң қалу мен қобалжу сезімдері қатар келеді. Өйткені бұрын-соңды мұндай қызметтермен жұмыс істемек түгілі, естіп те көрмеген. Бұрын сот анықтамасын алу үшін шалғай аудандардағы адамдардың өзі облыс орталығына келуге мәжбүр болған. Өйткені аудандарда ол қызмет көрсетілмейді. Осы ретте автоматтандыру жүйесі жақсы нәтиже берді. Қазір жеке кабинетіңнен алуға мүмкіндік бар. Арнайы үйретушілер ХҚКО-да көмек көрсетеді. Ол үшін электронды цифрлы қолтаңбаңызды жасасаңыз болғаны.

Халыққа қызмет көрсету жұмысы қандай нәтиже беруде?

– Облыс бойынша 7 мобильді ХҚКО бар. Олардың мақсаты – шалғай жатқан елді мекендерге барып, қажетті қызмет көрсету. Ол үшін орталық басшысы аудан әкімі және ауылдық округ әкімімен келісімге келеді. Яғни ауылдық округ әкімі тұрғындарға ыңғайлы болу үшін олармен кезігіп, уақытын белгілейді. Тек содан кейін арнайы мобильді топ қызмет көрсетуге алыс ауылдарға сапар шегеді. Бұл «адамдар үкімет үшін емес, үкімет адамдар үшін» принципімен ойластырылған. Аталған шара 8 айдың ішінде 9000-нан аса қызмет көрсетті. Түсінікті тілмен айтсақ, адамдар қала мен аудан орталықтарына бармай-ақ тұрғылықты жерінен қажет құжаттарын рәсімдеді деген сөз. Сол сияқты, мүмкіндігі шектеулі жандарға да осындай көмек түрі жүзеге асырылады. Бұл орайда 1164 мүгедек жанға 1187 қызмет көрсетілді.

Бүгінгі күні автоцондар қалай жұмыс істеуде?

– Бірер ай бұрын Өскемен қаласында осы жайт жұртты әбігерге салған еді. Қиындық арнайы ХҚКО болмау себебінен туды. Кезектің ұзақтығы, компьютерлік бағдарламаның дұрыс жұмыс істемеуі, қызмет көрсетудің қолайсыздығы сияқты бірнеше себеп жүргізушілердің арасында үлкен наразылық тудырғаны рас. Қазір жағдай қалыпқа түсті. Енді осыған қатысты атап өтсек, көлік жүргізу куәлігіңізді ауыстыру қажеттілігі туса электронды портал арқылы өзгертіп, төлемді де сол арқылы жасай аласыз. Үйіңізде отырып-ақ жеке кабинет арқылы тапсырыс берген соң жақын жерде орналасқан кез-келген арнайы ХҚКО-нан дайын куәлікті қолыңызға аласыз. Бар-жоғы электронды порталды игерсеңіз болды. Ал оның айтарлықтай еш қиындығы жоқ. Тіпті болмаса қызмет орталығы мамандарына өтініш білдіріңіз.

– Қызмет алу кезінде тұрғылықты мекенжайға тіркелу қатаң талапқа алына ма?

Қазіргі күнде қызмет көрсету сапасы артып, мүмкіндіктері кеңейгендіктен бұл мәселелер үлкен қиындық туғызбайды. Жылдам әрі ыңғайлы қызмет алу өз қолында. Тағы да қайталап өтейін, ол үшін ХҚКО-на барып, немесе ғаламтор арқылы электронды порталды пайдаланасыз. Қарапайым мысал ретінде, бірнеше жыл бұрын еліміздің екі бөлек қаласында қызмет ететін қыз бен жігіт некеге тұру үшін екеуі бір қалаға барып, арыз жазуы тиіс еді. Мұның әрине, адамдардың қалтасына салмақ түсіріп, уақыт кестесіне қолайсыздық тудыратыны анық. Енді бәрі басқаша. Мәселен болашақ жарыңыз Алматы қаласында, ал сіз Өскеменде болсаңыз бар-жоғы электронды қолтаңбаны алған соң компьютерге отырып, некеге тұруға арыз беріп, қажетті төлемді картаңыз арқылы төлесеңіз жетіп жатыр. Осы сияқты экстерриториалдық принцип қызметі тұрғылықты мекенжайға байланысты емес. Бұл бойынша тек мүлікті заңдастыру қызметі ғана жүзеге аспайды. Өйткені пәтеріңіз белгілі мекенжайда заңды тіркелуде. Ал бір қалада тіркеуде болып, екінші қалада жеке куәлігіңіз арқылы қандай да болсын қызметке қол жеткізесіз.

– Мазмұнды да маңызды әңгімеңізге рақмет!

Сұхбаттасқан Данияр ЗАЙНЕЛОВ