ШҚО-дағы қылмыстық топ әлеуметтік желілер арқылы 6 келі есірткі сатпақ болған

389
көрілім
Шартты фотосурет

ШҚО-да полиция қызметкерлері қылмыстық топ мүшелерінен синтетикалық есірткінің 19 мың дозасын тәркіленді, деп хабарлайды Buqara.kz тілшісі.

ШҚО полиция департаменті есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл басқармасының қызметкерлері «Жылдамдық» деп аталатын психотроптық заттарды сатумен айналысқандарды анықтады.

– Полицейлер Өскемен мен Алматы қалаларынан синтетикалық есірткінің ірі партиясын тапты. Белгілі болғандай, Өскемендегі 20-45 жас аралығындағы 4 ер адам есірткіні интернет-ресурстар арқылы сатып келген. Сатып алушылармен тікелей байланысқа шықпай тек әлеуметтік желілер арқылы сөйлескен оларды құқық қорғау органдары ұзақ уақыт бойы ұстай алмады, - дейді департамент бастығы Сағат Мәдиев.

Қылмыстық топтың тағы екі мүшесін ҚР ІІМ есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл департаментінің және Алматы қалалық полиция департаментінің қызметкерлері құрықтаған. Осы екі азамат психотроптық заттарды тасымалдап, сатуды ұйымдастырған.

– Жедел-іздестіру шараларын жүргізу барысында тәртіп сақшылары 6 келіге жуық синтетикалық есірткіні тауып, оның 19 мыңнан астам дозасының сатылуына тосқауыл қойды. Есірткінің қара нарықтағы құны 190 миллион теңгені құрауы мүмкін. Қазіргі уақытта күдіктілер уақытша ұстау изоляторына қамауға алынған. Сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізілуде, - дейді Сағат Мәдиев.