ШҚО-дағы Серебрянск қаласының 70 жылдығы келең көлемде атап өтелмек

161
көрілім
Фотосурет ашық дерекккөзден

Өткен ғасырдың 50-ші жылдары іргесі құрылған Серебрянск 2023 жылы өзінің 70 жылдығын атап өтеді. Аудан орталығында қазір қандай мәселелер мен қиындықтар бар? Мерейтой алдында қандай өзгерістер байқалады? Қазір қала басшысы қызу әзірлікке кіріскен, деп хабарлайды Buqara.kz сайтының тілшісі.

Құрылу тарихы

Серебрянскінің ресми негізі қаланған жылы 1953 жылдың 9 сәуірі. Бұл Қазақ КСР Президиумы Үлбі жотасының оң жақ бөктеріндегі Ертіс жағалауындағы елдімекенге Серебрянка деген атау берген сәтінен басталады. Былайша айтқанда, іргесі Бұқтырма су электр станциясының құрылысына байланысты қаланып, 1962 жылы қала статусын алды. Кеңес өкіметі құлағанға дейін жан-жақты дами бастаған қала ретінде айшықтала бастады. Тұрғындар саны 14 мыңнан асып жығылды. Қалтарыс-бұлтарысы мол тоқсаныншы жылдар өзге қала, аудандардағыдай, бұл жақта өзіндік қиындықтарымен есте қалды. 1997 жылы аудан орталығы статусынан айырылып, Зырян ауданының құрамына кірді. Ол кезде Серебрянск бейорганикалық өндірістер зауыты (ары қарай СБӨЗ) тыныс алу жолдарын қорғайтын құрылғылар өндіру бойынша жұмысты сәтті жалғастырып жатқанымен, жекешелендіру кезінде қолдан-қолға өтіп қиындыққа ұшырады. Сөйтіп 2020 жылы жұмысын тоқтатып, соңында жұмысшыларға да қарыз болып қалды.

Ресми деректерге сүйенсек, 2022 жылы Серебрянсктегі тұрғындар саны 7697 адамды құрады. Бұл бастапқыдағы тұрғындармен салыстырғанда тек жартысын ғана көрсетеді. Мұнымен қоса облыс, республика көлемінде бұрынғы маңызынан айырылған. Серебрянск тұрғындары Бұқтырма гидроэлектрлі кешені мен шлюзінде жұмыс істейді. Одан бөлек, мұнда әуе шабуылына қарсы әскери бөлім, үш ҚТЖ-ның кәсіпорны және 19-шы өрт сөндіру бөлімі орналасқан.

– Қазір бізде қала құрушы кәсіпорындар жоқ, – деді Серебрянск қаласының әкімі Нұрлан Махамбетов. – Бұқтырма гидроэнергетикалық кешенінің салығы не қалаға, не ауданға түспейді. Қалаға көмек беретін ірі кәсіпорындар да жоқ. Жалпы, қала бюджетінің 30 пайызын салық түрінде өзіміз табамыз. 70 пайызы – аудандық және облыстық трансферттер. Серебрянск – бұл қала, ал оның санитариясына көп уақыт көлемінде жылына тек 800 мың теңге ғана қаражат бөлініп келген. Бұл шамамен тазалау техникаларының 10 жұмыс күнін құрайды.

Бүгінде қалада қордаланып қалған бірқатар мәселелер бар. Мұның бірі – ұзақ уақыт қаржы бөлмеумен байланысты. Кейбірі 2022 жылы шешімін таба бастаған.

Маңызды мәселелер мол

2020 жылдың желтоқсанынан бастап Серебрянск қаласының әкімі болып Нұрлан Махамбетов тағайындалды. 97638 әскери бөлімінің бұрынғы командирі, Ленинград (Санкт-Петербург) жоғары зениттік ракеталық командалық училищенің түлегі, запастағы полковник. Алда тұрған мәселелерге әскери жинақылықпен, байыппен келген.

– 2021 жылы қар еріп біткен кезде сараптама жасадық, – Нұрлан Мұхтарұлы. – 64 көшеміздің нешеу асфальтталды, қаншасына жарық тартылды және тағы басқалары бойынша санадық. Жарықтандырып, асфальт төсеу бойынша жоспар құрдық. Жергілікті қоғамдастықпен бірлесіп талқылаймыз, бірақ шешімді мен қабылдаймын. Себебі, қала үшін мен жауап беремін. 2021 жылы бір көшені жарықтандырып, асфальттау мүмкін болмады. Бар қаржы дене шынықтыру-сауықтыру кешеніне кетті. 2022 жылы бізге 40 миллион теңге бөлді. Бұл шамамен бір шақырымға, 100 метр асфальт төсеуге жетеді.

Бөлінген қаржыға Победа, Тимофеев және Шоссейный көшелеріне орташа жөндеу жүргізілді. Серебрянск қаласы бойынша жарықтандыруға биыл бюджеттік өтінім қанағаттандырылмады. Десе де, қалада осы уақытқа дейін атқарылған жұмыстар бойынша тұрғындар ризашылықтарын білдіруде. Осы жазда қаланың дамуы үшін бірқатар қадамар жасалды.

– Биыл бізге абаттандыруға үш миллион теңге бөлінді, – деді Нұрлан Махамбетов. – Бұл ақшаға біз автобус аялдамаларын қалпына келтіру туралы шешім қабылдадық. Басында біз бес павильон қойдық. Үнемделген ақшаға тағы үшеуін орнаттық жән ең алдымен қазақ мектебінің жанында. Онда оқушылар көбінде күнге қақталып тұратын еді, қар мен жаңбыр да мазаларын алатын.

Келер ұрпақ қамын ойлап, қамқорлық жасау бірінші орынға қойылды. Оқу орындарының алдымен зулап өтетін көлек иелеріне жылдамдықты азайту үшін сегіз «жылдамдық бәсеңдеткіш» қойылды. Мұны Жеңіс, Садова, Некрасов және Нова көшелерінен байқауға болады. Жол қозғалысын қамтамасыз ету үшін қалада 60 жаңа жол белгісі орнатылып, тағы 13-і жаңартылды.

Серебрянск әкімі қала басшыларының жұмысын әлеуметтік желілердегі рейтингтер бойынша емес, елді мекендердегі нақты өзгерістерге қарап бағалауды жөн санайды. Қала басшысының жұмыс кабинетінде Бауыржан Момышұлының портреті ілінген. Нұрлан Мұхтарұлы бірегей батырдың батылдығы мен ерлігі өзінің өмір жолында да бағыт беріп келетінін айтты.

– Әкімнің жұмысы көрінуі үшін адамдардың су, жылу, жарық тартылып, жолдар жөнделуі керек. Мәдени-демалыс орындарының болуы да маңызды, – дейді қала басшысы. – Мәселелер байқалса, олар міндетті түрде айтылуы керек деп санаймын. Алдымен көрсетіледі, содан кейін барып: «Иә, мұны біз мұны жасадық, бұны басқалар орындады»деп айта аламыз.

Абаттандыру жұмыстарына ата-аналар риза

2022 жылы Серебрянскіде болған өзгерістер бәрінен бұрын балаларға байқалды. Олар үшін «Авангард» ауданында балалар ойын алаңы орнатылды. Сол орын кездейсоқ тағайындалған жоқ, осыған дейін жиналған тәжірибелерге сүйеніп бекітілді.

– Алаң шағын скверде орнатылды, – деді Серебрянск әкімі. – Ол жерде субұрқақ пен жасыл желектің барын ескердік. Жазда балалар ойнап жатқанда ата-аналары сол жерде отыра алады. Бізде ашық жерде алаң бар, онда мүлде көлеңке жоқ.

Жаңа алаң бойынша балалар да, жасөспірімдер де өз бағасын берді. Ойынның қызығына әбден батқан бүлдіршіндер әткеншек теуіп жатса, ересектері ыңғайлы орындықтарда отырып, әңгіме шертіседі.

– Балалар дән риза, – дейді жергілікті тұрғын Наталья. – Ата-аналар да қуанышты. Көлеңкесі бар, отыратын жері бар. Кешке барлық жер жап-жарық. Орындықтарды жылжытуға болады, әрі балалар мен ересектер үшін бәрі бар. Мүмкіндік туғанда қызымды алып келемін.

«Поперечка» ауданында тағы бір алаң орнатылды. Воркаут-тренажер да бар. Ересектер жұмыста болған кезде Сережа мен оның досы Кирилл алаңсыз жаттығады. Сергей жас болса да тәжірибелі спортшы. Турникте түрлі әдістер жасауды бұрыннан қолға алған. Жаңашылдыққа бек қуанышты.

– Өзім осыған дейін бокспен айналысқам, – деді бала.

Тренажерлер бірінші сынып оқушылары үшін үлкен әрі биік болса да, олар жаңа алаңнан шыққылары келмейді.

Алаңдарды орнату кезінде белгілі бір мөлшерде қаржы үнемдеудің сәті түсті. Оны да балалар игілігіне жұмсау жөн деп саналды. Әр қыста қаланың орталық алаңына қар қалашығы тұрғызылады. Бірақ оны дайындау барысында қалалық бюджет тарапынан тиын-тебендер ғана бөлінетін. Алдымен қар әкелу керек, қалашық ери бастағанда оны қайтадан шығару керек. Биыл Серебрянск қаласында сол қалашықты «мәңгілік» етіп орнату туралы шешім қабылданды. Құрылымын семейлік жеке кәсіпкер әзірледі. Скверлердің бірінде негізін берік металлдан жасап жатыр. Биік жақтаулар дәнекерленгеннен кейін сырғанауға және ылғалға шыдас беретін жабын төселеді. Әлбетте, ол арнайы материалдан жасалмақ. Қаланың бүлдіршіндері қысқы кештерде серуендеп, қыдыруға мүмкіндік алулары үшін жарық орнатылады. Мұндай нысанның пайда болуы алаңға жаңашылдық сыйламақ.

Мерейтой қарсаңында

Биылға арналған жұмыс тәмамадалып жатқанда, Серебрянск қаласының әкімдігі келешектің жоспарын құрып жатыр. Олардың бір бөлігі Серебрянск бейорганикалық өндірістер зауытының (СБӨЗ) жандануымен байланысты.

– Өткен жылы ғимараттары мен цехтары бар барлық аумақ облыстың коммуналдық меншігіне өтті, – деді Серебрянск әкімі. – СБӨЗ-да қорғаныс құралдарын өндіруді жандандыру жоспарланған. Біріншіден, бұл үшін өткізу нарығы қажет. ШҚО әкімі Даниал Ахметов өнімнің негізгі тұтынушылары Шығыс Қазақстан облысында болуы тиіс екенін айтты. Ірі кәсіпорындарымыз бізге қолдау көрсетіп, өнімді сатуға көмектеседі деп сенемін. Қазір қалпына келтірілетін бес негізгі цех анықталды. Алдымен шатырын жөндеу керек. Оған шамамен 150 миллион теңге қажет. Барлығы ойдағыдай болады деуге сенім мол. Содан кейін қала үшін де жеңіл болады, салықтар да түседі. Ал әкімшілік корпустың бұрынғы ғимаратын облыс әкімінің қолдауымен мәдени-спорт кешеніне айналдыруды жоспарлап отырмыз. Мерзім – шамамен 2023-2027 жылдар аралығы. Оған мөлшермен миллиард теңге бөлінеді.

Тіршіліктің жаңа бір лебін мемлекеттік қызметшілер де сезінді. «Бір қабатты Шығыс» бағдарламасы бойынша бес типтік үй салынды. Екеуіне жергілікті дәрігерлер қоныстанды. Солардың біреуі көпбалалы жанұя. Әкімдіктегілер тағы үш үйдің кілтін Тәуелсіздік күніне орай табыстауды жоспарлап отыр. Мұқтаж жандар белгілі. Баспана кілтіне дәрігерлер мен мүгедек бала тәрбиелеп отырғандар, сондай-ақ жалғызбасты аналар ие болады.

Серебрянск жұрты қала жуық арада шеткері тұрған аумақ деген атаудан арылатындығына сенімді. Осинов асуын айналып өтетін жаңа жол Серебрянскіге кіргісі келетіндер үшін бірнеше шақырымға ұзарса да, қарлы боран мен көктайғақ салдарынан қыста жабылып қалмайды. Бұл логистикалық тұрғыда біршама қолайлы. Сондай-ақ, мемлекет мұндай қалаларға көбірек назар аударады деп күтілуде.

– Қазіргі уақытта қаланың әлеуметтік-экономикалық даму жоспары дайындалды, – деп түсіндіреді Нұрлан Махамбетов. – Қаңтар айында нақты бекітіледі. Өзіміздің тарапымыздан оған сыртқы жарықтандыру құрылғысын қостық. Кем дегенде жыл сайын екі көше асфальтталып, жарықтандырылуы керек. Басқа да қажеттіліктер бар. № 2 мектепке 65 жыл болды, бірақ әлі күнге дейін спортзалы жоқ. Бұл мәселені облыстық қаржы басқармасына жектіздік. Қалада сумен жабдықтауды қайта құру жоспары 2018 жылы әзірленді. Даниал Кенжетайұлы ауданның жаңа әкімін таныстырған кезде, осы идеяны жүзеге асыруды міндеттеді. Сондай-ақ жылумен жабдықтау желілерін қайта құру, жұқпалы аурулар ауруханасын жөндеу жоспарлануда.

2023 жылы Серебрянск өзінің жетпіс жылдығын атап өтеді. Осы күнге орайластырып әкімдік қала туралы кітап шығаруды жоспарлап отыр. Бұл үшін тарихи материалдар жеткілікті. Мерекеге орай қалада Елтаңба мен Әнұран әзірленбек.

– Біздің кәсіпорындар да қаланың мерейтойын атап өтуде өз үлестерін қосса деймін, – дейді әкім жоспарымен бөлісе отырып. – Мысалы, балалар немесе спорт алаңы. Олар бейжай қалмайды деп үміттенемін. Мен қызметке тағайындалған кезде олар: «Сіз Серебрянскінің болашағына сенесіз бе?» деп сұрады. Егер сенбесем, мұндай жауапты жұмыстан бас тартар едім. Әрнәрсе өз уақытымен ғой. Ең бастысы – адамдардың көңіл-күйі. Ал адамдар көкейіне жұмыс нәтижелері байқалған кезде ғана сенім ұялайды.