ШҚО-дағы шекара маңында шыққан ірі өрт сөндірілді

454
көрілім
Шартты фотосурет

ШҚО-дағы мемлекеттік шекара маңында шөпке жайылған өрт сөндірілді, деп хабарлайды Buqara.kz сайтының тілшісі.

ШҚО Төтенше жағдайлар департаменті баспасөз қызметінің мәліметіне сүйенсек, соңғы күндері өңірде 53 рет шөп пен қоқыс өртенген. Оның ішіндегі ең ірілері – Зайсан, Күршім және Көкпекті аудандарында болды.

Жуықта түнгі сағат 00.05-те өрт сөндірушілерге Зайсан ауданы Қаратал ауылдық округіндегі Елеке учаскесінде шөптің жанып жатқаны туралы хабар түскен. Жергілікті атқарушы орган өкілдері мен шекарашылар өртті сөндіруге ұмтылды. Алайда қатты желдің салдарынан жалын одан сайын тарай берді. Тілсіз жауды ауыздықтауға №25 өрт сөндіру бөлімінің 7 қызметкері аттанған. Олар келіп жеткенше от 30 гектар аумаққа жайылып кетті.

– Өрт шекарадан екі шақырым қашықтықта сөндірілді. Алдын ала мәлімет бойынша қызыл жалын найзағайдан шыққан. Дәл осы уақытта Күршім ауданындағы Буран ауылында да шөп өртенді. Тілсіз жауды жергілікті атқарушы органдар мен орманшылар өшірмек болды. Кешке сағат 19.00-де жел күшейгендіктен сол жерге №40 өрт сөндіру бөлімінің қызметкерлері келіп жеткен. 25 гектар аумақты шарпыған от 22.40-та сөндірілді, - деп хабарлады ведомство өкілдері.

Сонымен қатар Көкпекті ауданында қураған ағаштар өртенді. Биғаш ауылдық округіндегі Киақты учаскесінде шыққан қызыл жалынның жалпы аумағы 45 гектарға жеткен. Қазіргі уақытта өрт әлі толықтай өшірілген жоқ. №33 өрт сөндіру бөлімінің қызметкерлері, жергілікті атқарушы орган өкілдері, орманшылар мен жергілікті тұрғындар тілсіз жаумен күресуде.