ШҚО-дан III қысқы жасөспірімдер олимпиадасына қатысатын спортшылар белгілі болды

331
көрілім
Фотосурет olympic.kz сайтынан

Швейцарияның Лозанна қаласында өтетін байрақты бәсекеде аймағымыздан ел құрамасы сапында бес спортшы өнер көрсетеді, деп хабарлайды Buqara.kz сайтының тілшісі.
Аталған аламанның төрт жылда бір рет өтетіндігі белгілі. Ресми деректерге сүйенсек, отандастырымыз сегіз спорт түрі бойынша жүлделі орындарды сарапқа салады. Ұлттық құрамаға сайдың тасындай іріктелген 27 спортшы алынған. Бұл дегеніміз, осыдан төрт жыл бұрын өткен сайыспен салыстырғанда 4 атлетке артық. Құрама сапында ел қоржынына медаль әперуге тырысатын спортшылар шаңғы және биатлон бойынша жарыс жолына шықпақ. Басым көбі Риддер қаласынан. Оның ішінде биатлон түрінен Арсений Безгинов, Ульяна Ардалионова және Влада Васильченко осыған дейін республикалық додаларда талай мәрте топ жарған. Енді үкілеген спортшыларымыз тәжірибесі толысқан Галина Вишневскаяның жетістігін қайталап, ірі додада жүлдегер атанса дейміз.
Шаңғышыларға келсек, Швейцарияда Дидар Қасенов пен Ілияс Исабек өз мүмкіндіктерін байқайды. Ол екеуі 2012 жылы Австрияның Инсбрук шаһарында қола медаль иеленген Сергей Малышевтің ізін басып, үздік үштікке жайғасса айтулы жетістік саналары сөзсіз.
Айта кетейік, қысқы жасөспірімдер олимпиадасы қаңтардың 9-14 күндері аралығында өтеді.