ШҚО-ға Арыс қаласының оқушылары демалысқа келді

44
көрілім

Семей қаласында жазғы демалыс лагерьлеріне демалуға келген Арыс қаласының алғашқы лек оқушыларын қарсы алды, деп хабарлайды Бұқара.кз сайтының тілшісі.


Семей қаласының теміржол вокзалында кішкентай арыстық қонақтарды қарсы алды. Қала әкімінің орынбасары Айдар Садырбаев та қатысты.
– Абай, Шәкәрім мен Мұхтардың туған жеріне қош келдіңіздер. Сіздерге демалыстарыңызды жақсы өткізіп үйлеріңізге жарқын естеліктер мен көтеріңкі көңіл-күймен қайтуларыңызға тілектеспін, – деді Айдар Садырбаев.


Айта кетейік, 9 маусым күні келген 150 бала үш жазғы лагерьлерге бөлінеді. Олар: Глубокое ауданындағы «Дарын», Катонқарағай ауданындағы «Арайлы Шығыс» және Семейдегі «Қарағайлы» санаторийі.
Арыстық бүлдіршіндер жазғы лагерьде естен кетпес демалыс өткізеді деп күтілуде. Ол үшін өзен-көлдерге шомылу, көкке шығу, түрлі шығармашылық шаралар мен ойын-сауық думандар көптеп ұйымдастырылуда.


Балалардың демалысы жазғы маусымға облыс бойынша үшке бөлінген. Бірінші маусым 10-20 шілде аралығы. Екінші маусымда 15-25 шілде аралығында 70 бүлдіршін «Көктау», «Толағай» сауықтыру лагерьлерінде демалады. Ал үшінші маусым 28 шілде мен 7 тамыз күндері 80 бала «Үржарайым» мен «Болашақ» жазғы лагерьлерінде өткізбек.