ШҚО-ға келген «Жастар керуені» жобасының қатысушылары ерекше әсер алып қайтты

1121
көрілім

Шырайлы Шығыс өлкесіне атбасын тіреген жүзге жуық жас Мұхтар Әуезовтің үй-мұражайын, «Еңлік-Кебек» ескерткішін, Жидебай қорық-мұражайын, Берел қорғандары мен Бұқтырма су қоймасы сияқты аймақтың маңызды да көрікті жерлерін аралады, деп хабарлайды Бұқара.кз сайтының тілшісі.

«Жастар керуені» жобасының мақсаты – өскелең ұрпақтың ішкі туризмге деген қызығушылығын арттыру және Қазақстанның әртүрлі аймақтарындағы жастарды біріктіру. Бұл жобаға еліміздің түкпір-түкпірінен талантты және белсенді 700 жас қатысты. Оның ішінде жас блогерлер, студенттер, өнер жолын енді бастаған әртістер де бар. Қатысушылар Отанымыздың қарағанда көз құмары қанатын ең әдемі, тарихи және қасиетті жерлерімен танысу үшін жеті топқа бөлініп сапарға шыққан.

Шығыс Қазақстан облысына келіп ерекше әсерге бөленген жастар осында қайта оралғысы келетіндіктерін айтты.

– Біз Катонқарағайдың, Бұқтырманың таңғажайып табиғатына тамсандық. Осы жерлерге әрбір қазақстандық келіп көруі керек деп санаймын. Төрт күн бойы біз киелі Алтай өлкесінің біраз жерін аралап шықтық. Шынымды айтсам, өзім осында көшіп келгім келеді, – дейді шымкенттік жас турист Данияр Сергінбай.

Ұйымдастырушылардың айтуынша, аталмыш жоба болашақта міндетті түрде жалғасын табады. Расыменде өз елінің тарихын, киелі жерлерін білуге ынтық жастарға бұл тамаша мүмкіндік.

Талғатжан МҰХАМАДИЕВ