ШҚО-ның 5 шағын қаласындағы жаңа бизнес бастамаларды жүзеге асыруға 64,5 млн. теңге бөлінеді

431
көрілім

ШҚО әкімі Даниал Ахметов мемлекеттік гранттарды бірінші кезекте 5 шағын қалаға бөлуді тапсырды. Айта кету керек, өңірге бизнес бастамаларды жүзеге асыруға 64,5 миллион теңге қарастырылған. Жалпы облыс бойынша ауылдар мен кіші қалалардағы 1078 адамды шағын несиемен қамту жоспарланып отыр, деп хабарлайды Бұқара.кз сайтының тілшісі ШҚО әкімінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

2018 жылы 2,1 миллиард теңгеге шағын несие алуға 611 өтініш келіп түскен. Жалпы қаражаттың бұл санатын игеруде Тарбағатай ауданы 705 миллион теңгемен көш бастап отыр. Алайда, жоғары көрсеткіш Өскемен, Семей қалалары мен бірнеше аудан еншісінде жоқ.

– Шағын несие алуға 2,1 миллиард теңгеге өтініш түсті. Бұл ретте жоғары көрсеткіш Тарбағатай ауданында. Қазір 705 миллион теңге игерілген. Алайда Өскемен мен Семей қалалары, сондай-ақ, Шемонаиха, Күршім және Жарма аудандары соңғы орында қалған. Әкімдер неге қол қусырып отыр? Арнайы комиссия құрып, бұл мәселенің мән-жайын анықтауды және нақты кешенді жұмыс жасауды тапсырамын, - деді Даниал Ахметов.

Аймақ басшысы мемлекеттік гранттарды бизнес бастамаларды жүзеге асыратын «Нәтижелі жұмыспен қамту және жаппай кәсіпкерлік дамыту» бағдарламасының қатысушыларына беруді тапсырды. Ал бөлінер қаражат көлемі 100 АЕК-ке дейін болмақ. Олар қажетті құрал-саймандарды, технологиялық жабдықтар алуға жұмсалуы тиіс.

- Мемлекеттік гранттарды беру туралы арнайы жоспар құрып, нақты жүзеге асу барысын қадағалау қажет. Бұл ретте ШҚО-ның бес шағын қаласына, атап айтқанда, Аягөз, Риддер, Зырян, Курчатов және Серебрянскіге басымдық беру керек, - деді облыс әкімі.