Шығыс Қазақстанда ҚР ДСМ-нің өкілдері ана мен баланы қорғау жағдайына талдау жүргізілді

592
көрілім

ҚР Денсаулық сақтау министрлігі Ана мен бала денсаулығын қорғау департаментінің директоры Мағрипа Ембергенованың және ҚР ДСМ Ана мен бала денсаулығын қорғау департаменті аналар денсаулығын қорғау басқармасының басшысы Шакизат Халықованың төрағалығымен мониторингтік топ аймақтағы жүкті әйелдер мен балаларға медициналық көмек көрсету бойынша жағдайды бағалау үшін Шығыс Қазақстанның барлығы дерлік медициналық ұйымдарын аралап шықты.

Сондай-ақ жұмыс сапары барысында мониторингтік топ босандыру және балалардың денсаулығын қорғаудың өзекті мәселелері бойынша облыстағы әріптестеріне әдістемелік, ақпараттық көмек көрсетті.

Мониторинг қорытындысы бойынша ШҚО облысы әкімінің орынбасары Шәкәрім Бұқтығутовтың қатысуымен және ҚР ДСМ Ана мен бала денсаулығын қорғау департаментінің директоры Мағрипа Ембергенованың төрағалығымен ана мен бала өлімін төмендету бойынша шұғыл шаралар қабылдау жөніндегі өңірлік штаб отырысы өтті. Сарапшылар бағалау нәтижелерін ұсынып, негізгі проблемаларды атады.

М.Ембергенова медициналық ұйымдардың материалдық-техникалық жабдықталу деңгейіне, жекелеген аудандарда мамандар тарту, перинаталдық көмекті өңірлендіру, медициналық ұйымдардың өзара іс-қимылы, жүкті әйелдер мен балаларды маршруттау қағидатына аса үлкен мән берілуі қажеттігін тағы бір нықтап өтті.

«Әр медициналық ұйым балалар мен жүкті әйелер денсаулығын қорғауда «жасыл дәліз» ұйымдастыруды мықтап қолға алуы тиіс», — деді ол.

Республикалық штаб отырысының қорытындысы бойынша Шығыс Қазақстан облысының Денсаулық сақтау басқармасына жүкті әйелдер мен балаларға медициналық көмек көрсетуді ұйымдастыру мен сапасын жақсарту үшін тиісті ұсынымдар берілді.

Өз кезегінде ШҚ Денсаулық сақтау басқармасы басшысы мониторингтік топтың жұмысына алғысын айтып, жүргізілген талдаулар нәтижесі бойынша көрсетілген кемшін тұстармен  жүмыс жүргізілетіндігін алға тартты.

ҚР Денсаулық сақтау министрлігі тұрақты негізде аналар мен балаларға медициналық көмек көрсетуді бағалау және талдау жүргізетінін айта кету керек.