Шығыс Қазақстанда туристер саны артуда

292
көрілім

Облыс ландшафты мен әсемдігі туризмнің барлық түрін дамытуға қолайлы. Бүгінгі күні 500-ден астам орналастыру орны жұмыс істейді. Өңіріміз бұл көрсеткіш бойынша Нұр-Сұлтан, Алматы қалалары мен Алматы облыстарын басып озған, деп хабарлайды Бұқара.кз сайтының тілшісі.


Аймақтың туристік саланы дамытуда үлкен серпіліс байқалады. Бұл орайда әр өңірдегі туристік орындарға көп көңіл бөлінуде.


- Қазіргі таңда келу туризмі бойынша қонақтардың саны өткен жылмен салыстырғанда 24,5%-ға артып, 28846 адамды құраған. Ал ішкі туризм бойынша 15,8% өсім байқалып 536184 адам санын көрсеткен. Орналастыру орындары қызметінің көлемі 5889,2 млн. теңгені құрады, - дейді ШҚО Туризм және сыртқы байланыстар басқармасының басшысы Марат Қабақов.


Басқарманың мәліметінше, облыстың туристік орындары бойынша ақпараттық-анықтамалық материалдар, карталар, брошюралар мен жолсілтемелер жасалған. Одан басқа «Әдеби Шығыс» тарихи-әдеби жерлерге саяхаты, «Өз өлкеңді таны» аңыз-әфсаналар кітабы мен «Тарихи жол» аудиогиды қырықтан астам киелі жерлердің картасы жол көрсетеді.


2019-2025 жылдарға арналған туризмді дамыту мемлекеттік бағдарлама жобасы аясында Алакөл елдің туристік картасының ТОП-10 нысанына кірген. Өткен жылы Макензи халықаралық консалтингтік компаниясы осы аймақтың дамыту жоспарын да әзірлеген.


Данияр ЗАЙНЕЛОВ