Шығыс Қазақстанның ең қарт тұрғыны Жарма ауданының Қызылағаш ауылында тұрады

1341
көрілім
Екі бірдей ғасырдың куәсі болған алтынқұрсақты ана Шайзада Қонысбаева күйбең тірліктегі көрген қиындықтардың бәрін еңсеріп, қаңтар айында 110 жасқа толып отыр, деп хабарлайды buqara.kz сайтының тілшісі

Шығыс Қазақстан өңірінің ең қарт тұрғыны 1907 жылы Көкпекті ауданының Жұмыскер ауылында дүниеге келген екен. Бойжеткен шағында бірінші дүниежүзілік соғыстан кейін болған азамат соғысы жылдарын өз көзімен көрген Шайзада Қонысбаева сол сұрапыл кездерді былай еске алады:

Қызылдар мен ақтардың шайқасында ойпыл-тойпыл заман болды. Сол кездері біз ликбезде (Сауатсыздықты жою) оқуын оқып, сауат ашқан едік. Сол тауқыметті жылдар балалық шағыма тұспа-тұс келді. Одан кейін де қанша қиындықтарды бастан өткердік. Қолдан жасалған ашаршылықтың зобалаң жылдарын қазақтың өзге отбасылары сияқты біз де бастан кешірдік. Ұлы Отан соғысы басталар алдында «Үндемес» деген алапат келген. Түнде шырт ұйқыда жатқан абзал азаматтар таңертең із-түссіз жоғалып кететін. Дүйім жұрт бірден шу етіп көтеріліп, абдырап қалысатын. Сол кеткен есіл ерлердің бірі де қайтып оралған жоқ. Бұл жылдары қайғы-қасірет ел арасында бірінен соң бірі ойран салған еді. Сөйтіп соғыс та басталып кетті, – дейді кейуана.

Асқан төзімділікпен тағдырдың талайына шыдас беріп, жастайынан еңбектің туын жықпаған Шайзада әже II дүниежүзілік соғыс кезінде еңбек етіп, аянбай тер төкті. Күндіз егін егіп, түнде майшам жарығымен тоқыма тоқып, майдандағы әскерге жіберіп отырды. Қасқайған қара дүлейдің де бетіне тіке қараудан тайынбай, белін бекем буған тыл еңбеккері осылайша жеңіске де өз үлесін қосқан еді

Қонысбаева Шайзада мен оның жұбайы Сүлеймен (1900-1980) 14 перзентке жарық дүниені сыйлаған. Өкінішке орай, кей балалары шетінеп, кейбірі жастай қайтыс болып, қалған 5 баласынан ғана ұрпағы жалғасқан екен. Сол бес баласының бүгінде екеуі ғана қасында, ал қалғанын қара жердің қойнына тапсырған… Қазіргі күні ғасырдан астам ғұмыр кешкен апамыздың 15 немересі, 20 шөбересі, 2 шөпшегі бар. Немересінің алды 53-те, шөбересінің үлкені 36-да, тұңғыш шөпшегі 7 жаста. Асыл әже 1978 жылдан бастап Жарма ауданының Қызылағаш ауылында кенже қызы Бақыттың қолында тұрады.

Ғасырлық шежіре-сыр, ақыл біздің анамыздың бойында. Кішкентай кезімізден-ақ «Ешкімнің ала жібін аттамаңдар» деп құлағымызға құйып отыратын. Кез келген жағдайда өтірік айтпай, адал болуды үйретті, – дейді қызы Бақыт Самарғалиева.

Талғатжан МҰХАМАДИЕВ