Шығыс Қазақстанның үздік мектебі – Самар ауылында

494
көрілім

2018-2019 оқу жылының қорытындысы бойынша Шығыс Қазақстан облысындағы ең үздік мектеп атағын – Ж.Болғанбаев атындағы Самар орта мектебінің ұжымы жеңіп алды. Салтанатты шарада білім ордасының директоры Баян Багисованы құттықтаған аймақ басшысы Даниал Ахметов оған 34 миллион теңгенің сертификатын табыс етті.

Мұғалім еңбегінің нәтижесі – оқушы жетістігі

Ж.Болғанбаев атындағы Самар орта мектебі облыс орталығынан шеткері жатқан Көкпекті ауданының Самар ауылында орналасқан. Бүгінде мектеп қабырғасында 414-ке жуық оқушы білім алып, 50-ден астам оқытушылар еңбек етуде.

– Осы жылғы Тамыз конференциясында 34 миллион теңгенің сертификатын қанжығалап қайттық. Бұл біз үшін үлкен қуаныш. Бүкіл облыс бойынша білім ошақтарының арасынан оза шаптық. Осы орайда саналы ұрпақ тәрбиелеп жатқан ұлағатты ұстаздарымызға, аудан әкімі Асхат Сайдахметұлына, сонымен қоса Көкпекті аудандық білім басқармасының басшысы Шолпан Нұрғазықызына шексіз алғысымды білдіргім келеді. Әрине бұл біздің ортақ жеңісіміз, - деді мектеп директоры Баян Багисова.

Жүзден жүйрік шығып, мыңнан тұлпар шапқан мұндай жеңістер екінің біріне бұйырмасы хақ. Десе де еселі еңбектің өсімі мектеп қабырғасында жатыр. Білім ордасы 2016 жылдан бастап қана мектеп-лицей дәрежесін алған. Лицейде физика, математикалық бағыттар басым. Мектеп директоры балаларға сапалы білім беру үшін ең алдымен ұстаздың біліктілігіне баса мән беретінін басып айтты. Мысалы 51 ұстаздың 80 пайызы жоғары және бірінші категорияға ие. Мектеп лицейі Көкпекті ауданында барлық көрсеткіш бойынша көш басында тұр. Биыл түлектердің 90 пайызы мемлекеттік грант бойынша жоғары оқу орындарына түскен. Осыдан кейін ауылды жерлерде білім беру жүйесі төмен деп қалай айтамыз?!

– Биыл мектебіміздің бес түлегі «Алтын белгімен» бітірді. Былтыр 1-сыныпқа 40 бүлдіршін қабылданса, биыл бұл көрсеткіш еселеніп, 57 бала алғаш рет мектеп табалдырығын аттады. Бұл жетістігіміз ата-аналардың мектебімізге деген сенімін одан әрмен нығайта түсті. Ауыл мектебі үшін бұл жақсы көрсеткіш. Жас ұрпақтың саналы болып өсіп келе жатқаны көңілімізге қуаныш сыйлайды,- дейді Баян Қапезқызы.

Мектеп оқушылары республикадан тыс халықаралық дәрежеде ұйымдастырылған түрлі байқаулардың жеңімпазы да атанған. 2017 жылы Байқоңыр қаласында В.Челомей атындағы халықаралық ғарыш мектебінің базасында өткен «Ғылым әлемін ашамыз!» атты халықаралық ғылыми жарыста аталмыш мектеп оқушысы Еркебұлан Қамбаров 1-орынды иеленген. Айгерім Ержанова Латиф Хамиди атындағы халықаралық додадан жүлделі оралған. Баласы бәйгеге шапса, үйде отырып тақымын қысқан мектеп директоры оқушыларының бұл жетістіктеріне дән риза. 10-сынып оқушысы Юра Гүлбағар да бұл қуанышты еселей түскен. 2018 жылы ғылыми жоба қорғап, республикалық конкурста 1-орын алып, алтын медальмен марапатталды.

 

Үзілісте қоңырау емес, күй төгілді

Мектептің ғылымдағы жетістігі бір төбе болса, спорттағы жетістігі де өз алдына бір төбе. Бокс үйірмесінің жас боксшылары облыстық жарыстарда жеңімпаз атанып, мектеп қоржынын жүлделермен толықтыруда.

– Мектебіміз толықтай жөндеуден өткен. Кабинеттер қажетті құралдармен жабдықталды. Алдағы уақытта тағы да жаңа кабинеттер ашуды жоспарлап отырмыз. Сонымен қоса аз қамтылған отбасылардың оқушы балаларын киім-кешекпен қамтамасыз етуді мақсат тұттық. Осы орайда мектебіміздің материалдық жағдайына үнемі қолұшын беретін Самархан Қалисаттарұлына ризашылығымызды білдіреміз, - дейді Баян Қапезқызы.

«Жақсының жақсылығын айт, мерейі тасысын» демей ме? Шынымен де Самархандай жаны жайсаң азаматтың бұл жомарттығы көпке үлгі. Айта кетейік, мектептің тағы бір ерекшелігі, үзіліске арналған мектеп қоңырауының көмейінен қазақы күй төгіліп тұр.

– Қоңырау үзіліс кезінде және сабақ басталар алдында автоматты түрде күй ойнай бастайды. Қоңыраудың ерекшелігі, балалардың үзіліс аралығында тынығуына, рухын оятуға жақсы әсер етеді, - дейді физика математика пәнінің мұғалімі Дәурен Мергенчинов.

Бұл жолғы сапарымыз 1 қыркүйек - Білім күніне тұспа-тұс келгендіктен, мектептің алғашқы қоңырауының куәсі болып қайттық.

Әнеки, қос бүлдіршін жаңа оқу жылының басталғанын күміс қоңырау үнімен хабарлап, ортаға қарай келе жатыр…

 

Таунар ҚАЙРАТ