Шығыс өңірі тұрғындарының мәселесімен танысты

465
көрілім

«Nur Otan» партиясының хатшысы Әлібек Әлденей жұмыс сапарымен Шығыс Қазақстан облысында болып, Шемонаиха және Ұлан аудандарын аралап, өңір тұрғындарымен кездесті.

Партия басшылығының Шығыс өңіріне жасаған бұл сапары Елбасының «партия қашанда халыққа жақын болуы керек, тұрғындардың мәселесіне бей-жай қарамай, барынша олардың шешілуіне атсалысуы тиіс» деген арнайы тапсырмасы аясында жүзеге асырылуда. Жұмыс сапарының негізгі мақсаты – тұрғындарды толғандырған мәселелермен танысып, партия тарапынан қолдау көрсету.

Әлібек Әлденей алдымен Шемонайха ауданында партия мүшелерімен және қоғамдық ұйымдардың, этномәдени бірлестіктердің өкілдерімен кездесіп, ауданда атқарылып жатқан жұмыстардың барысымен танысты. Аудан тұрғындарымен емен-жарқын сұхбаттасып, олардың тарапынан қойылған сұрақтарға жауап берді.

- Елбасы, партия Төрағасы алдымызға үлкен міндеттер қойып отыр. «Nur Otan» партиясының саяси кеңесінің кеңейтілген отырысында берілген тапсырмаға сәйкес партия жұмысын жүйелі жаңғырту үшін бүгінгі таңда көптеген жұмыстар атқарылуда. Сіздердің аудандарыңызда партиялық жобалар мен мемлекеттік бағдарламалар сәтті жүзеге асып жатқандығымен таныс болдым. Сондай-ақ еліміздің ең басты байлығы - ел ішінің тыныштығы мен бірлігі екендігін ерекше атап өткім келеді, - деді «Nur Otan» партиясының хатшысы Әлібек Әлденей.

Тұрғындар да өз кезегінде көкейіндегі сауалдарын қойып, өз ойларын бүкпесіз ортаға салды.

- Мен Шемонайха ауданына 2017 жылы Оңтүстік Қазақстан облысынан көшіп келдім. Бүгінгі таңда аудандық ішкі саясат бөлімінде жұмыс істеймін. 3 жыл ішінде ауданымызға 87 отбасы, яғни 172 адам қоныс аударды. Ол отбасылар аудан тарапынан тұрақты жұмыспен және баспанамен қамтылып, тіршіліктерін жалғастыруда, - дейді кездесу барысында сөз алған Шемонайха аудандық өзбек этномәдени бірлестігінің жетекшісі Курбанова Юлдыз.

Сонымен қатар Әлібек Әлденей «Nur Otan» партиясының аудандық филиалының қоғамдық қабылдау бөлімінде болып, азаматтарды жеке мәселелері бойынша қабылдады. Қоғамдық қабылдау кезінде жұмысқа орналастыру, баспанамен қамтамасыз ету, аудан жастарына арналған спорттық кешен салу мәселелері көтерілді.

Қабылдауға келген аудан тұрғыны Сабырбеков Еркебұлан жабық спорт кешенін салу мәселесі бойынша өтінішін жеткізді.

- Сіздің сұрағыңызға келсек, жергілікті билік органдарының мәліметінше қазіргі кезде ауданда жабық спорт кешенін салуға бюджеттен ақша қарастырылып жатыр. Егер бюджеттен тиісті қаражат бөлінген жағдайда, 2020 немесе 2021 жылы спорттық кешеннің құрылысы басталатын болады. Оны алдағы уақытта партиялық бақылауда ұстаймыз, - деді Әлібек Әлденей.

Партия хатшысының жұмыс сапары ары қарай Ұлан ауданына ұласып, ол ауданда жаңадан салынып жатқан орталық аурухананың құрылыс барысымен және бүгінгі таңда тұрғын үйдің ғимаратында тұрғындарға қызмет көрсетіп отырған аурухананың жұмысымен танысты.

- Жаңадан салынып жатқан орталық аурухананың құрылысы осы жылдың желтоқсан айына дейін аяқталып, қолданысқа берілетін болады, - деді Ұлан ауданының әкімі Н.А.Сақтағанов.

Nur Otan» партиясының хатшысы Әлібек Әлденейдің айтуынша, жаңадан салынып жатқан орталық аурухананың құрылыс жұмыстарының сапалы жүргізілуі және көрсетілген мерзімнен кешіктірілмей құрылыс жұмыстарының аяқталып қолданысқа берілуі партияның қатаң бақылауында болмақ. Өйткені аурухана құрылысының уақытында бітіп, жұртшылықтың пайдалануына берілуі аудан халқы үшін ерекше маңызды.

Қазіргі уақытта заман талабына сай болмаса да тұрғындарға қызмет көрсетіп тұрған аурухананың жұмысымен танысқан партия хатшысы өз кезегінде ақ халатты абзал жандарға алғысын білдірді.

Еске сала кетсек, бүгінгі күнге дейін партия басшылығы еліміздің үштен бір бөлігін аралап, шалғайдағы аудандар мен ауыл тұрғындарының мәселерімен танысты.