Шығысқа қарай тартылуда

70
көрілім

Шығыс Қазақстан облысы оралмандар мен жұмыс күші артық өңірлерден келушілерді қабылдауды жалғастыруда. Облыстық әкімдік бүгінгі таңда қосымша жұмыс күшіне деген қажеттіліктің жоқ еместігін хабарлайды.

2018 жылы біздің өңір 608 отбасындағы 1816 адамды қабылдады. Оңтүстік өңірлерден келушілердің дені қазақ және ағылшын тілінің, дене шынықтыру және еңбек пәндері мұғалімдері, психологтар, медицина қызметкерлері, есепшілер, электршілер мен ветеринария мамандары. Қазіргі уақытта жұмысқа жарамды 483 қоныс аударушының 364-і жұмыспен қамтамасыз етілген. Билік көшіп келушілердің бизнес идеяларын жүзеге асыруы үшін 100 АЕК көлемінде арнайы грант бөлді. Осындай грантты ұтып алғандардың бірі пеш сатып алып, тандыр нан жапса, енді бірі қонақүй мен дәмхана кәсібін дөңгелетуде.

Мемлекет олардың көшіп-қонуы мен баспана сатып алуын субсидиялайды. Көшіп келушілер үшін арнайы баспана салынуда. Өткен жылы Шемонаиха ауданында осындай 60 пәтерлік үй қолданысқа берілген болатын. Сонымен қатар 2019 жылы "Серпін" бағдарламасы бойынша өңіріміздің жоғарғы оқу орындарын 208 студент тәмамдайды. Аталмыш бағдарламаның басты мақсаты — оңтүстіктен тартылған жастарды оқытып, еліміздің солтүстік және шығыс облыстарында жұмысқа орналастыру. Талап бойынша олар оқуларын аяқтаған соң біздің өңірде үш жылдан кем емес уақыт жұмыс істеулері қажет.

Қоса кетсек, еліміздің Алматы, Жамбыл, Түркістан, Маңғыстау, Қызылорда облыстары мен Шымкент қаласы жұмыс күші артық өңірлері болып болып саналады.

Ерлен ОСМАНОВ