Шығысқазақстандық нейрохирургтер ми ісігін жоюдың тағы бір заманауи әдісін меңгерді

637
көрілім

Олар елордалық әріптестері, нейрохирург, медицина ғылымдарының кандидаты Данияр Телтаевтың қатысуымен  тіліксіз, трансназальды тәсілмен тамаша операциялар жасады.

Облыстық мамандандырылған медициналық орталықта өткен шеберлік сыныбының барысында өңірдің үш тұрғынына KARL STORZ әлемдік брендінің заманауи 3D эндоскопиялық жабдығының көмегімен гипофиз және бас сүйегінің негізі ісіктеріне операция жасалды.

-3D режиміндегі жаңа модель диагностиканы бұған дейін мүмкін болмаған дәлдікпен жүргізуге ғана емес, сонымен қатар бүгінгі күні "аз инвазивті хирургия" ұғымымен тіпті қарапайым адамға да белгілі хирургиялық әдістерді қолдануға мүмкіндік береді. Тиімді тұсы - мониторингтегі бейнелеудің кең мүмкіндіктері, қан жоғалтудың болмауы. Мастер-класс барысында эндокриндік, неврологиялық патологиялары бар және көзінің көруі нашарлаған үш пациентке ота жасалды. Мұндай тәсіл пациенттерге осы медициналық көмекті өз аймағымызда көрсетуге мүмкіндік береді. Бұған дейін осындай операция тек  Астана қаласындағы нейрохирургия орталығында енгізіліп, жүргізіліп келген, - деп атап өтті инновациялық медицина бөлімшесінің меңгерушісі Жандос Уап.

Қазір операция жасалған барлық науқастар өздерін жақсы сезінеді  және таяуда үйлеріне шығады.

Шеберлік сабағының барысын Алматы, Павлодар, және Семей қалаларының нейрохирургтары да онлайн режимде бақылап отырғанын айта кеткен орынды.
-Нейрохирургия орталығының дәрігерлері және мамандарымен технология трансферті шеңберінде тығыз ынтымақтастық орнату бізге эндоскопияда жаңа мүмкіндіктер ашады, - деп толықтырды біздің дәрігерлер.

Айта кетейік, МӘМС шеңберінде мұндай  отаны жасаудың құны бір миллион теңгеден асады. Жоғары технологиялық медициналық көмек, сондай-ақ оның жекелеген түрлері МӘМС жүйесіндегі медициналық көмектің тізбесіне кіретінін еске саламыз. МӘМС жүйесінде сақтандырылған барлық пациенттерді жоспарлы емдеуге жатқызу тіркелген жері бойынша емхананың жолдамасы бойынша жүргізіледі.