Шығысқазақстандық спортшылар рекорд орнатпақ

802
көрілім

Қос бірдей жерлесіміз Темірлан Айтан мен Ораз Басаров өздері орындаған жаттығуларымен «КИнЭС» Қазақстан рекордтар кітабына үміткер атанды. Олар пластикалық бөтелкені қолдану арқылы кеудені жерден көтеру (отжимание) жаттығуын жасаған, деп хабарлайды Buqara.kz сайтының тілшісі.

Бокстан спорт шебері, Халықаралық турнирлердің үш дүркін жеңімпазы Темірлан Айтан көлемі 1литрлік пластикалық екі бөтелкеден денені көтеру жаттығуын 120 мәрте жасап, оның ішінде 111 мәрте орындағаны есепке алынды. Сырт көзге оңай көрінгенімен іске келгенде бөтелкенің тепе-теңдігін сақтау біршама қиын.

Темірлан АЙТАН

Тіпті бір жерден шалыс басса, қол жарақатына да әкелуі мүмкін. Сонымен қатар қол күрестен еліміздің 10 мәрте, Азияның 10 дүркін және жаһандық жарыста алты рет алдына жан салмаған ұландық Ораз Басаров дәл осы жаттығуды бір бөтелкемен 54 рет жасады. Ұйымдастырушылардың айтуынша, бір бөтелке арқылы жасауда қолдағы күштен бөлек, буынға да салмақ түседі.

Ораз БАСАРОВ

Облыстық Дене шынықтыру және спорт басқармасының мұрындық болуымен өткізілген шара барысында қос спортшының көрсеткіштері видеоға жазылып, «КИнЭС» Қазақстан рекордтар кітабының редакциясына жолданбақ.