Шығысқазақстандықтар арасында Олимпиада ойындарына екі жолдаманың бірін иеленген – көкпектілік палуан

933
көрілім
Мақала арасында шартты фотосуреттер де пайдаланылды

«Америкалық палуандардан гөрі, дағыстандық спортшылардың күрес әдісі қызығырақ. Олар физикалық жағы мен әдіске салып белдесуге қатар мән береді». Осылай деген Көкпекті ауданы Көкжайық ауылының тумасы Данияр Қайсанов әлемдік күрес шеңберіндегі жинаған тәжірибесімен бөлісіп, әр мемлекеттегі қалыптасқан еркін күрес жүйесіне де тоқталды. Өзінің айтуынша, белдесу барысында әттеген-ай деген сәттері де аз болмаған. Бастысы, жарақаттан ада болып, спорттық бабын жоғалтпаса жерлесімізді келер жылы Жапонияда жалауын көтеретін Олимпиада ойындарынан көреміз. Жаһан көлемінде карантиннің іргесі сөгілмей тұрғанына қарай спортшылар да тыңғылықты әзірліктерін бастай алмай тұр. Осы ретте тәжірибелі палуанның ресми күрес парақшасына берген сұхбатында бірқатар қызық ақпараттарды құлағымыз шалды, деп хабарлайды Buqara.kz сайтының тілшісі.

Алғашқы бапкері – әкесі

Даниярдың үлкен спортқа аяқ басуына ықпал еткен әкесі Әлібек Нүкенов алғашқы бапкері. Одан бөлек, ШҚО жасөспірімдер құрамасының аға жаттықтырушысы Мейірбек Байжанов талантты спортшыға еркін күрестің іргетасын берік қалап алуға мүмкіндік жасаған жандардың бірі. Көкпектілік палуанның ең алғашқы жарысы әлі есінде. Алдымен 26 келіге дейінгі дәрежеде бозкілемге беттеп, сол бәсекеде жеңілістің кермек дәмін татты. Айтуынша, ол кезде күреске арналған киімі де, спортқа өзінен ертерек келген палуандарға қарсы еш айла қолдана алмаған. Бұдан соң бірден әзірлікті үдетті. Бабы келісіп, «Балаларды қорғау күніне» орай өткізілген сайыста қарсыластарын қапыда қалдырып 200 теңге ұтқан. Бұдан кейін түрлі турнирлерде топ жарып, өз салмағының үздігі атана бастады. 2011 жылы Алматыдағы республикалық спорт колледжіне түсіп, онда Аслан Байғұловтың қоластында жаттықты. Есейе келе бірнеше бапкердің қолына өтіп, белдесу мәнері де өзгере түскен. Бастысы, осындай жайттар бойындағы кемшін тұсы деп санайтын қырларын жойып, қажет әдіс-тәсілдерін толықтыруға мүмкіндік берген. Қазір Ұлттық құраманың тізгінін берік ұстаған Қарағанды өңірінің тумасы, алайда біршама жылдар Ресей құрамасын жаттықтырған Майрбек Юсуповтың тәжірибесінен қажет дүниесін алуда. Күнтізбелік жоспарға сәйкес жаттығу барысы да өзгеріп отырады. Жерлесіміздің сөзінше, тісқаққан палуандардың өздері жылына екі мәрте спорттық бабының шыңына көтеріледі. Осы аралықта кез келген сайысқа әзір тұратындай дайындық жұмыстарын жүйелеп алуға тырысқан жөн дейді Данияр. Күрес өмірінің бір бөлігіне айналғанын спорт интернаты қабырғасында жүріп сезінді.

– Басқа бағытты ойлап, шешімімді өзгерту жөнінде еш ойламаппын. «Білім жолымен кеткендердің айы оңынан туады, сол жаққа бет бұрсаң қалай» деп ақыл айтқандар да болды. Дегенмен бақытымды бозкілемнен табуға бекіндім, – дейді палуан.

Данияр әкесі Әлібек Нүкеновпен

Сағы сынған сәт

Бойындағы байсалдылығы басым жерлесіміз 2016 жылы Әлем чемпионатына іріктеу кезінде отандасымыз Мейіржан Әшіровке жол беріп, сағы сынып, тауы шағылғанын жасырмады. Күрестен кетуді ойламаса да, жаттығу жасау кезінде көп дүниені өзгертіп, айтулы аламандарға әзірлік жүргізуде атүсті қарауға болмайтынын көңілге тоқыды. Ол кезде Қайсанов 70 келіге дейінгі дәрежеде өнер көрсетіп жүрген-ді. Біртіндеп салмақ дәрежесін ауыстырып, жаңа қарсыластарға жолықты. Тағы бір тоқталарлығы, спортшы Ұлттық құрама сапына алынбай тұрып, жан-жаққа оқу-жаттығу жиындарына жиі барған. Тіпті екі ай көлемінде Дағыстанда, үш айдай Осетияда тұрып, жергілікті спортшылармен шеберлік байқасып, тәжірибесін толықтырды.

– Дағыстандықтардан бөлек, АҚШ-та, Иранда, Үндістанда күрес бірінші орында тұр. Алайда америкалықтардан гөрі дағыстандық спортшылардың күресу мәнері ұнайды. Олар физикалық жағы мен әдіске салып белдесуге қатар мән береді Үндістанның өзінде халық мыңдап, жүз мыңдап құмда күресіп жатады. Ол жақтарда білікті мамандар да жетерлік әрі еркін күрес дәстүрі жақсы сақталған. Мәселен Дағыстанда оқу-жаттығу жиынында жүргенімізде такси жүргізушілерінің талайының құлағы сынғанын көреміз. Осыған қарап-ақ бәсекелестіктің қандай екенін байқауға болады, – дейді ол.

Кімдерден қауіп бар?

Ал қазір Ұлттық құрама сапында жүріп, команданың жоспары, жаттығу кестесі өзгеріп, жекелей оқу-жаттығу жиындарына бару мүмкіндігі азайған. Бір есептен, ел құрамасынан бөлек әзірлік жүргізу ішкі жүйеге де оң әсер етпесі анық. Салмақ дәрежесін ұстап тұру да маңызды. Бұған орай спортшылар ұннан жасалған тағамдар мен тәттілерді күнтізбелерінен алып тастаған. Табиғатынан біртоға палуан қазір өзі белдесіп жүрген 74 келі салмақтағы кіл мықтыларға тиісті бағасын беріп, кімнен қандай қауіп күтуге болатынын ашып айтты. Сөзіне құлақ түрсек, әлемдік еркін күрестің үштағаны саналатын Франк Чамизо (Италия), Джордан Барроуз (АҚШ) және Заурбек Сидаковқа (Ресей) төтеп берер спортшылар жоқ емес. Оның бір себебі, ұлты шешен, кавказ және дағыстандық бірқатар палуандар қазір азаматтықтарын ауыстырып, өзге елдердің намысын қорғауда. Ресей чемпионатында тасада жүрген палуандардың басқа мемлекеттерге барып томағасы шешілуде. Айталық, Әлем чемпионатының күміс жүлдегері Адам Батыров Бахрейн, Еуропа чемпионы Магомедхабиб Кадимагомедов Белорусь, Әлем чемпионатының қола жүлдегері Таймураз Солказанов Словакия, Мурад Курамагомедов Мажарстан елінің туы астында өнер көрсетіп жүр. Осының барлығы, бұдан бөлек, түрік Сонер Демирташ пен грузиялық Автандил Кенчадзе сынды палуандар әлемдік рейтингідегі көшбасшының өзін тұғырдан тайдырарлықтай. Бұл ретте бозкілем бәсекесінде қай палуанмен белдессе де әр спортшының жеңіске жетелейтін екі әдісі болады екен. «Күресте ұшан-теңіз әдістер бар ғой» деген пікірлер туындағанымен, жеме-жемге келгенде оның барлығын алма-кезек орындау мүмкін емес. Даниярдың өзі сүйіп орындайтын әдісі қарсыласының қырынан келіп, бір аяғына өту. Спортшының сөзінше, өз салмағында белдесу кезінде асыра лақтырып, төрттағаннан жұлып әкетіп алып ұратындар өте аз. Өзі де басым жағдайда алдына қасқайып тұрған спортшының аяқ алысын аңдап барып әрекет етеді.

– Кей спортшылар жеребе тарту кезінде қарсыласының кім екеніне мән бере бермейді. Ал мен үшін бұл өте маңызды. Қатты зерттеп, барламасам да қарсыласымның деңгейіне қарай өзімді барынша сапалы белдесу көрсетуге ұмтыламын, – дейді Данияр.

Ерте елестеген сәт

Осы орайда спортшы өткен жылы елордада өткен Әлем чемпионатын тағы еске алды. Естеріңізде болса, ол кезде Қайсанов кіші финалда белдесіп, франциялық қарсыласына жол берген болатын. Сонда жерлесіміз ширек финалдағы жеңілісінен кейін жұбаныш белдесуін ұтқан бойда сәл босаңсып кеткенін жеткізді.

– Жұбаныш белдесуі ойдағыдай өткен соң қонақүйге келіп, тұғыр сатысында тұрған сәтімді елестете бастадым, – деді аз-кем ойын жинақтап. – Неге екенін білмеймін, үшінші орын үшін болатын белдесудің сәтті аяқталатынына еш күмән келтірмедім.

Осыдан кейін жағымды-жағымсыз пікірлер қарша бораған. Өз елімізде өткен дода болған соң жанкүйерлердің бірнеше салмақтағы палуандардан алтын медаль күткені рас. Әйтсе де ол аламан тарих қойнауына кетіп, қазір бапкерлік құрам жаңа жоспар бекіткен. Не де болса үздік алтылыққа еніп, төртжылдықтың басты бәсекесіне жолдама алды. Кейін оны бір ұпай айырмашылығымен ұтқан Франция елінің үздігі Зелимхан Хаджиевтің қанынан допинг табылып, Біріккен Күрес Әлемі жерлесімізге қола медаль табыстау жөнінде шешімге келген. Дегенмен еліміздің күрес федерациясына ресми хат әлі жолданбады. Егер барлығы сәтімен болса, көкпектілік спортшыға пәтер кілті де табысталып қалуы әбден мүмкін. Ұдайы спорт академиясы мен шетелдегі оқу-жаттығуда жүрген бауыр еті баласына ата-анасының да тілеулестігі ерекше. Сайыстан тыс кезде қай жерде қателікке бой алдырғанына дейін айтып отырады. «Құдай-ау, мына Дэйктің тегеуріні сұмдық қой, күрес мәнері де ерек» деп жуырда ғана 74 келіге дейінгі салмаққа ауысқан америкалық Кайл Дэйк жайлы да хабардар. Қызығы сол, баласы белдесіп жатқанда анасы Нұргүл апайдан бөлек, әкесі Әлібек Қайсаұлы да белдесулерін тамашалауға төзімі жетпей, көрші бөлмеге шығып кететін көрінеді.

Үздік палуанның есімін атады

Жерлесіміз емен-жарқын сұхбат беру барысында өңірдегі еркін күрестің дамуына да тоқталды. Оның ішінде, облыстық грек-рим, әйелдер және еркін күрес федерациясы тарапынан да қолдау жоғары екендігін алға тартты.

– Шығыстың палуандары жайлы республика көлемінде барлығы оң пікірде. Қазір жастарымыз елішілік додаларда кемі екі-үш алтын медаль еншілеп жүр. Семейдегі спорт академиясында жасөспірімдер мен жастарды баулып жүрген Роллан Көксегеновтың біліктілігін айта кеткен орынды, – дейді спортшы.

Сөз соңына қарай Әлем чемпионатының қола жүлдегері еркін күрес тарихында кімді ең үздік спортшы ретінде мойындайтынын айтты. 2000 жылы Сидней Олимпиадасында күміс жүлдегер атанған дағыстандық Адам Сайтиев екен. Салмағы 76-77 келі бола тұрып Сидней төрінде 85 келіге дейінгі салмақта бақ сынап, Олимп шыңына шыққан өзіндік күрес мәнерін қалыптастырған жан. Алайда Олимпиада ойындары алдында жерлесімізді ата-анасының ақ пейілі мен жанкүйерлерінің қызу қолдауы жеңіске жетелейтіні хақ. «Бәрін айт та бірін айт» демекші, көкпектілік спортшының бабын жоғалтпай, тыңғылықты әзірлігін үзбеуіне біз де тілекшіміз.

Әділхан ЕСІМХАНОВ