Шығыста шомылатын жер жетерлік...

1174
көрілім

Өңірімізде сұлулығы көз тартар көлдер көп. Оның өзі облыс орталығынан алыс жерде емес. Араларыңызда аймақтағы көлдерді тегіс аралап шыққан жандар бар ма екен? Жоқ десеңіздер, онда жаз айлары соны өзгертуге тамаша мүмкіндік сыйлайды. Бұған дейін Тайынты мен Сібе көлдеріне ат ізін салған болсаңыздар биыл да сол жаққа баруды көздеп жүрген шығарсыздар. Осы мақалада оқырман қауымға демалыс орындары мен көлдерге қалай баруға болады және онда демалушыларға қандай жағдай жасалғаны жайлы мәлімет беруді жөн көріп отырмыз.

Бұл материалымыз Шыбындыкөл, Дұбығалы, Сібе, Тайынты, сондай-ақ Каменка көлдері жайында болмақ. Бұлардан басқа су қоймалары жоқ деуге болмас. Мысалы жұртшылыққа етене таныс Зайсан мен Марқакөлді айтса болады. Бірақ ол жаққа апаратын жолдардың жағдайы адамды әуреге салуы мүмкін.

Айта кетейік, негізі демалудың екі әдісі бар. Бірі көл жағасына шатыр тігіп, туристік саяхаттың кереметін көрсететіндей кешкісін алау жағып, асыр салу болса, бірі жағалау маңынан бар жағдайы жасалған үй алып демалуға болады. Сайт тілшісі жоғарыда аталған демалыс орындарына қоңырау шалып, қай жерде қандай үйлер жалға беріліп, олардың бағасы қанша екенін анықтап көрген еді.

Сібе көлдері

Бұл Өскеменнен 85 шақырым жерде орналасқан көл. Асфальтты жолмен екі сағат жүріп жетуге болады. Сібе – суы тұп-тұнық бес көлдің бір арнаға тоғысқан жері. Айналасы гранитты таумен қоршалып, осы күні Сібе деген атауға ие. Жалпы мұнда бірнеше күнге, сондай-ақ таңнан кешке дейін шомылатындай бір күнге ғана келуге болады. Өздеріңіз алып барған шатырда немесе арнайы үйлерде де демалуға рұқсат. Шалқар деп аталатын Сібенің үшінші көлінде муниципалды жағажай бар. Өткен жылдан бастап тынығушыларға ол жаққа автобуспен баратындай жағдай жасалған.

Енді Сібе көлінің жағалауындағы демалыс базалары жайлы аз-кем айтып кетейік.

«Сібе» демалыс орны

Орналасуы: екінші көлдің аумағы (Төртқара)

Тұрақтау мүмкіндігі: маусымның 17-не дейін жағдайы жасалған үш адамдық жайлы үйдің бағасы – 12400 теңге, алты орынға шақталған үй – 20000 теңге. Маусымның 17-не дейін үш адамдық үйдің бағасы 16700 теңге, ал алты адамға арналғаны – 25000 теңге болады. Сонымен қатар күндізгі демалысыңды ұйымдастыруға мүмкіндік беретін эллингтер де жалға беріледі. Маусымның 17-не дейін 4000, ал 17 маусымнан кейін 5000 теңге болмақ.

Ойын-сауық: теннис корты, волейбол және баскетбол алаңдары, үстел теннисі, бадминтон, балалар алаңы бар. Қайықтар мен катамарандарды жалға алу мүмкіндігі де қарастырылған. Күн сайын балалар мен ересектерге арнап аниматорлар жұмыс істейді.

Байланыс: М.Горький көшесі, 21. Анықтама телефоны: 24-11-63, 8-705-795-05-55

Үшінші Сібе көліндегі демалыс базасы

Орналасуы: жайлы жабдықталған қалалық жағажай жанында

Тұрақтау мүмкіндігі: бөлмелері, асүйі, кіреберіс және көлдің көрінісін тамашалауға мүмкіндік беретін төрт адамдық үйлер. Көл мен үйдің арақашықтығы бірнеше минуттық жер ғана. Су қоймасының жағасы еңістеу, түбі ұсақ тасты болып келеді.

Бағасы: тәулігіне 10000 теңге

Байланыс: Потанин көшесі 14, 2 қабат. Анықтама телефоны: 76-72-37. @sibiny_otdyh.

Дұбығалы көлі (Окуньки)

Қаладан 80 шақырым жерде орналасқан «Өскемен-Семей» тасжолы. Окунькиге барса теңіздің суы еріксіз еске түседі. Көл жағалауында осы аттас база, сондай-ақ өзге демалыс орындары орналасқан.

«Окуньки» демалыс базасы

Орналасуы: көлдің дәл жағасы

Тұрақтау мүмкіндігі: үш және төрт адамдық үйлер немесе бөлмелерді жалға алуға болады.

Бағасы: үш адамға арналған үйдің бір тәулігі – 7500, ал төрт адамдығы – 9000 теңгеден. Үш адамға шақталған бөлмені 5000 және төрт адамдығын 6000 теңгеге жалға алуға болады.

Ойын-сауық: демалу базасының аумағында кафе-бар, дүкен, асхана, монша, балалар алаңы бар. Келушер үшін ең қызықтысы – тауаға шығып серуендеуге болады.

Байланыс: Абай даңғылы, 20/1, 205 кеңсе. Анықтама телефоны: 22-26-43.

«Әкежан» демалыс базасы

Орналасуы: Дұбығалы көлінің жағасы

Тұрақтау мүмкіндігі: Төрт-бес адамға арналған сегіз нөмір және үш киіз үй (алты орынға және екі киіз үй төрт адамға лайықталған) бар. Барлық нөмірлер мен киіз үйлерге тоңазытқыш, электр плитасы, шәйнек, ыдыс-аяқ және басқа да заттар қойылған. Демалыс орнының аумағында аялдайтын орындар, душ, су құбыры, сондай-ақ әжетхана бар. Одан бөлек, келушілердің кәуап дайындауға да мүмкіндіктері болады.

Бағасы: төрт адамға арналған үйді бір күнге алса 7000 мың, ал демалыс күндері 13000 мың теңгеден. Жұмыс күндері бес орындық үй – 8000 мың теңгеден болса, демалыс күндері (жұма мен жексенбі аралығын) 15000 теңгеге дейін барады. Көлемі шағын киіз үйді (төрт адамға шақталған) жай күндері құны 10000 теңгеге, ал демалысқа қарай 15000 теңгеге өседі. Үлкен киіз үйлер де бар. Алты адамға арналғаны – 11000, сәйкесінше 22000 теңгеге шығады.

Байланыс: «Limpopo Travel» турагенттігі, Қабанбай батыр көшесі, 164. Анықтама телефоны: 26-12-46

Шыбындыкөл (Тайынты)

Бұл көл де Өскеменнен 85 шақырым жерде орналасқан (Самар тасжолы бойында). Маңайы қылқанжапырақты ағаштарға бай, әрі айналасын жартасты тау жоталары қоршап жатыр. Баурайында шетен, мойыл, маралоты өседі, ал жоғарғы жағы алуан түрлі пішіндес мәрмәр жартастармен қоршалған.

«Бестау» демалыс базасы

Бұл дегеніміз Жоғарғы Тайынты

Тұрақтау мүмкіндігі: 8-10 адамға шақталған жайлы үй бар. Жақсы жабдықталған, керек заттары ішінде. Үйдің өзі тамаша табиғаты бар таудың етегінде орналасқан.

Байланыс: «Limpopo Travel» турагенттігі, Қабанбай батыр көшесі, 164. Анықтама телефоны: 26-12-46.

«Шыбындыкөл» демалыс базасы

Орналасуы: Бұл да облыс орталығынан 85 шақырым жерде орналасқан. Жоғары Тайынты ауылына жақын.

Тұрақтау мүмкіндігі: ішінде асүйі, бірнеше бөлмесі мен кіреберісі бар. Жердің күзетілетін аумағы шамамен екі гектар. Сыртта демалушыларға жақсы жағдай жасалған, одан бөлек, аумағында монша да бар.

Бағасы: жай күндері – 7000 теңге, ал демалыс кездері 9000 теңгеден болады. Бұл бір тәулікке есептегендегі баға. Одан бөлек, балалар ойнайтын алаңқайы да бар.

Байланыс: «Limpopo Travel» турагенттігі, Қабанбай батыр көшесі, 164. Анықтама телефоны: 26-12-46.

«Төменгі Тайынты» демалыс базасы

Орналасуы: «Көктау» сауықтыру кешенінің жанында.

Тұрақтау мүмкіндігі: төрт-бес адамға шақталған сегіз бөлме бар. Корпустың ішінде өте ыңғайлы және сыртта жазғы душ қолдануға болады. Бөлмеден көлге дейін жаяу 10 минутта жетесіз. Әсем табиғат көрінісі корпустың қарсы жағынан көзге оттай басылады.

Каменка көлі

Негізінде, бұл су қоймасы деп аталғанымен халық арасында Каменка көлі деген атпен таныс. Облыс орталығынан 70 шақырым жерде орналасқан. Көлге жолдың мынадай бағыттарымен жетуге болады: Өскемен – Қасым Қайсенов кенті – ары қарай «Айыртау» ауылына кіре беріс жерден оңға бұрылу керек. Сосын «Басты жол» белгісіне қарай бағыт алып, сол тұстан Қанай ауылына дейін бет аласыз. Бірақ Қанай ауылына дейін жетпей жолайрық шығады, сонда солға бұрылу керек. Одан соң жаңа төселген тасжолмен тағы солға қарай бұрыласыз. Ары қарай қосалқы жолға түспей, тура көлге дейін бару қажет. Жалпы осы тұсқа келгенде басқа жолдарды таңдауыңыз мүмкін. Ештеңе етпейді, барлық жалғызаяқ жолдар түптің-түбінде Каменкаға әкеледі. Бар айырмашылығы сол, бірі ұзақтау, ал тағы біреуімен жүрсеңіз тезірек жетесіз. Сондай-ақ түрлі жолдармен жүре отырып, су қоймасының әр тұсына тап болуыңыз мүмкін.

Тұрақтау мүмкіндігі: шатыр тігіп қана немесе бір күн аялдап, демалып қайтуыңызға болады. Мұнда демалыс базасы, жағалау бойындағы дүкен,жалға беру орталықтары сынды жағдайлар жасалмаған. Сол себепті, демалуға келерде қажетті керек-жарақтарды өзіңізбен ала келіңіз. Күннен не жаңбырдан қорғанамын десеңіз, қолшатырды да ала шықсаңыз тіптен жақсы. Бір жағынан сізге пана болатын биік өсімдіктер да кезіге бермейді.

Ойын-сауық: суретке түсіп, армансыз шомылып қайтуға болады. Көлге жақын жерде сарқырама бар. Қаласаңыз жақындап көруге болады, тіпті шомылуға да шектеу жоқ.

Айыр көлі

Айыр көлі – ел арасында «Үш Монастырь» деп аталатын тауға жақын жерде орналасқан. Тереңдігі – жеті метр. Көлдің өзі таудың ар жағында екен.

Көлге қалай жетемін десеңіздер, онда Алматыға баратын тасжол бойына, Өскеменнен шамамен 50 шақырым жерге бару қажет. Сартымбет ауылына бұрылыста төселген жол басталады, сонымен жүресіз. Естеріңізде болса, былтыр жолдың жағдайы жаныңды жабырқататындай болған.

Айыр көлінде шағын үш жағажай және асты тастарға бай шомылатын орындар бар. Ал көлдің шығыс жағалауында үйлер жалға беріледі. Өкінішке қарай демалыс орнының қожайыны мен олардың байланыс телефонын табу мүмкін болмады.

Негізінде жоғарыда айтылғандай, тек бір күнге келіп тынығып қайтсаңыз да әбестік емес. Суға түсіп, күнге қыздырынып, тау жоталарына шығып серуендеуге мүмкіндік бар. Бір айта кетерлігі, туристер мен олардың көлігіне арналған орындар аз. Есесіне айнала көз тартарлық тау жоталары, әрі ауасы да саф таза.

Нұрбек АСҚАРОВ