Шығыста зергер Сержан Бәшіровтың жеке көрмесі ашылды

369
көрілім

Шығыс Қазақстан облыстық сәулет-этнографиялық және табиғи-ландшафтық мұражай-қорығында белгілі суретші, зергер Сержан Бәшіровтың жеке топтамасынан алынған «Бабалар мұрасы–ұрпақтар қазынасы» атты көрмесі ашылды. деп хабарлайды Бұқара.кз сайтының тілшісі.

Тарбағатай ауданының Ақжар ауылында дүниеге Сержан Бәшіров биыл 55 жаста. Бала күнінде ата-анасымен бірге Алматыға көшіп, кейіннен Нұр-Сұлтан қаласына тұрақтаған. Алайда, өзінің туған өлкесі – Шығыс Қазақстанды ешқашан ұмытқан емес. Музей-қоры көп жылдан бері Сержан Мұратұлымен әріптес. Оның жылдар бойы жинақтаған зергерлік жұмыстары мен Қазақстанның әр қиырынан және басқа елдерден жинастырған жұмыстары бір төбе.  Зергердің жинаған жұмыстары қазақтардың ХVIII ғасырындағы тұрмысынан сыр шертеді.

Көрменің ашылуында Сержан Бәшіровтың туыстары және Шығыс Қазақстанның қолөнер шеберлері қатысты. Музей-қорық директорының міндетін атқарушы Евгения Рахматулина көрменің өте мазмұнды болғанын атап өтті. Көрме залындағы жәдігерлер қисапсыз көп болмасада, әрқайсысының өзіне тән терең тарихы бар.

Көрмеде 170-тен астам артефактілер қойылды. Атап айтқанда, олар – Орталық Қазақстаннан әкелінген сүт құятын тері ыдыс – мес (ХІХ ғасыр), Қызылордадан әкелінген тамақ сақтайтын кебеже (1890 ж.), Хорезмнен әкелінген жібек палантин-орамал. Әсіресе, XVIII ғасыр мен ХХ ғасырдың басы аралығындағы күміс әшекейлер, қазақтың ХХ ғасырдың бірінші жартысындағы түкті және түксіз кілемдері, әйелдер мен ерлердің белдіктері баға жетпес құндылықтарға жатады. Әрине, Бәшіровтың өз қолынан шыққан зергерлік бұйымдары ойлау тереңдігімен және жоғары көркемдік дәрежеде орындалуымен ерекшеленеді. Оның еңбектері 2005 жылы ЮНЕСКО-ның «Сапа белгісімен» аталып өтілуінің өзі тегін емес. Шебердің қолынан шыққан бұйымдары Нұр-Сұлтан қаласындағы  Алтын және бағалы металдар музейінде сақталса, ал бірқатар жұмыстары Мәскеудегі Шығыс халықтары музейінде орын тепкен. Бәшіровтың бұйымдары Варшавадағы Азия және Тынық мұхиты музейінде де сақтаулы.

Көрме осы жылдың желтоқсан айына дейін жалғасады.