Соңғы 10 жылда бала тууға қатысты жәрдемақы 8 есеге артты

435
көрілім

Қазақстанда 2008 жылдан бері бала тууға арналған жәрдемақы 8 есеге артты. Бұл туралы Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі Әлеуметтік көмек департаменті директорының орынбасары Балжан Баяхатова мәлім етті, деп хабарлайды Бұқара.кз сайтының тілшісі ҚазАқпаратқа сілтеме жасап.

Соңғы 10 жылда бала тууға қатысты жәрдемақы 8 есеге артты, яғни 16 380 теңгеден 142 947 мың теңгеге дейін. 2017 жылдың қорытындысы бойынша бала тууға қатысты жәрдемақыны 392 мың адам 34,7 млрд теңге сомасында алды», - деді Б.Баяхатова балалы отбасылардың әлеуметтік қамсыздандырылуы мәселесіне арналған баспасөз мәслихатында.

Сонымен бірге, бір жасқа дейінгі бала күтіміне арналған жәрдемақы соңғы 10 жылда 4 есе артып, 20 195 теңгені құрады. 2017 жылдың қорытындысы бойынша бір жасқа дейінгі бала күтіміне арналған жәрдемақы145 мың адамға 32,4 млрд теңге сомасында аударылды, ал 2018 жылдың 1 қаңтарында 132 мыңға жуық адамға 9,8 млрд теңге жалпы сомасында қолдау көрсетілді. Бұдан өзге, Б.Баяхатова 2008 жылдан бастап бала тууға және жүктілікке байланысты табыстан айырылған жағдайда төленетін төлемдердің енгізілгенін еске салды. 2017 жылы 180 мыңға жуық адам 62,6 млрд теңге сомасында аталған төлем түрін алған. Тек 2018 жылдың 1 қаңтарында 68,5 мыңға жуық адамға 22,4 млрд теңге аударылды. Бір жастан кәмелеттік жасқа толғанға дейінгі балалар күтіміне арналған жәрдемақыларға тоқталсақ, 2017 жылы ӘСМҚ есебінен 225 мыңнан аса адамға 74,1 млрд теңге сомасында жәрдемақы берілді. Бүгінгі таңда 265 мыңнан аса адамға 29,2 млрд теңге төленді.

Сонымен қатар, жұмыс істейтін әйелдер санының көбеюінің оң үрдісі байқалады, бұл ӘСМҚ есебінен бір жасқа дейінгі бала күтіміне арналған жәрдемақы алушылар санының артқанын көрсетеді. 2013 жылы аталған жәрдемақы түрі 135 мыңнан аса адамға аударылса, 2017 жылы олардың жалпы саны 225 мың адамды құрады. Бұл ретте 2014 жылдан бастап бір жасқа дейінгі бала күтіміне арналған төлемдерді алушылардың зейнетақы жарналарын субсидиялаудың енгізілгенін айта кеткен жөн. «2017 жылы республикалық бюджеттен дербес зейнетақы шотына бір жасқа дейінгі бала күтіміне арналған жәрдемақыны 85 мыңға жуық алушыға ӘСМҚ -дан 4,4 млрд теңге аударылды. 2018 жылдың 1 мамырында 80 мыңға жуық алушыға 1,4 млрд теңге бөлінді»,-деді Б.Баяхатова.